Украинада әскери жағдай мен мобилизация мерзімі ұзартылды

Украина Жоғарғы Радасы елдегі жалпы әскери жағдай мен жаппай мобилизацияны тағы үш айға ұзартты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
16 сәуір, сәрсенбі күні өткен отырыста депутаттар президент Владимир Зеленскийдің тиісті жарлықтарын мақұлдады. Бұл туралы «Голос» партиясының депутаты Ярослав Железняк Telegram парақшасында хабарлады.
Оның мәліметінше, әскери жағдайды ұзартуға 357 депутат, ал мобилизацияны ұзартуға 346 депутат дауыс берген.
«Европейская солидарность» партиясының депутаты Алексей Гончаренко – бұл бастамаға қарсы дауыс берген жалғыз депутат. Ол бұл шешімін алдын ала жариялап, әскери жағдай мен мобилизацияны ұзартуға қарсы болу себебін биліктің демобилизация жүргізбеуімен және әскери қызметкерлердің ротация мерзімін нақтыламауымен түсіндірді.
Ресейдің Украинаға кең ауқымды басып кіруі 2022 жылдың 24 ақпанында басталғаннан бері әскери жағдай мен мобилизация режимі Украинада 15-рет ұзартылып отыр. Енді бұл режимдер кем дегенде биылғы 6 тамызға дейін күшінде болады.
Соңғы жаңалықтар





