Украинаның бұрынғы президенті Порошенко оппозицияны билікке қосу арқылы соғысты тоқтатуды ұсынады

Украинада бейбіт келіссөздер жүргізу мәселесі қызу талқыланып жатқан тұста, елдің бұрынғы президенті Петр Порошенко оппозицияны үкімет құрамына енгізу арқылы бұл процесті жеңілдетуге болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ The New York Times басылымына сілтеме жасап.
Порошенконың айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер нақты нәтижеге жетуі үшін ұлттық бірлік үкіметі құрылуы тиіс. Ол бұл ұсынысты Зеленский мен Трамптың Ақ үйдегі кездесуінен кейін қайта көтеріп отыр. Айта кетейік, аталған кездесуден кейін АҚШ сенаторы Зеленскийдің отставкаға кетуін талап еткен еді.
«Бейбітшілікке қол жеткізу үшін бізге парламент пен ел ішіндегі бірлік қажет. Басқа жол жоқ. Біз коалициялық үкімет құрып, ұлттың тұтастығын көрсетуіміз керек», – деді Порошенко.
Алайда қазіргі президент Владимир Зеленский оппозициямен бірлескен үкімет құруға мүдделілік танытпады. Керісінше, оның әкімшілігі оппозициялық тұлғаларға, соның ішінде Порошенкоға қарсы қысымды күшейтті. Мәселен, биыл қаңтарда Украина Ұлттық қауіпсіздік кеңесі Порошенконың банк есепшоттарын бұғаттады, бірақ нақты айып тағылған жоқ.
Зеленскийдің өкілеттік мерзімі 2024 жылы аяқталуы тиіс болатын, алайда соғыс жағдайына байланысты сайлау өткізілмей, мерзім ұзартылған. Конституцияға сай, әскери жағдай кезінде сайлау өткізуге тыйым салынады.
Порошенко 2014–2019 жылдар аралығында Украина президенті болды. Зеленскийдің 2019 жылғы сайлаудағы жеңісінен кейін оған қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Ол мұны саяси қуғындау деп атады. Содан бері қос саясаткердің арасы шиеленісіп, өзара күрес жалғасып келеді.
2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген күні Зеленский мен Порошенко қарсыластықты ұмытып, қол алысып, біріккен. Сол күні Порошенко Зеленскийден 5 000 Калашников автоматын сұрағанын, ол өтініш орындалғанын айтып отыр.
Дегенмен соңғы айларда бейбіт келіссөздерге және ықтимал сайлауға байланысты ел ішіндегі саяси күрес қайта жандана бастады. Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, Порошенконың қазіргі уақытта сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі төмен. Ол үнемі Зеленский мен Ұлыбританиядағы Украина елшісі, бұрынғы бас қолбасшы Валерий Залужныйдан кейінгі орындарды иеленіп жүр.
Сарапшылар Порошенко Залужныймен альянс құруы мүмкін екенін айтады. Өйткені Залужный ел ішінде өте танымал және әлі де саясатта ашық мәлімдеме жасамаған. Порошенко жақында Лондонда Залужныймен кездескенін растап, алайда нақты не талқыланғанын айтудан бас тартты.
Сондай-ақ Порошенко Трамппен өткен кездесуін еске алды. Оның сөзінше, АҚШ президенті одан Крым Ресейге тиесілі ме деп сұраған. Порошенко Крым – Украина жері екенін нақты айтып, бұл сұрақты неге қойғанын білгісі келген. Трамп оған ресейлік бір досының Крым Ресейге тиесілі дегенін айтқан.
Порошенконың пікірінше, дәл қазір – дипломатия уақыты. Ол Трамппен жұмыс істеу оңай емес екенін айтқанымен, бейбіт келіссөздер үшін әрекет ету қажет деп есептейді.
Соңғы жаңалықтар





