"Үйде мылтықпен отырдым": Актер Еркебұлан Дайыров Қаңтар оқиғасына қатысты пікірі үшін сынның астында қалды

19.11.2025 12:23 Айсұлу Мұрат
0
101
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Еркебұлан Дайыров

Театр және кино актері Еркебұлан Дайыров “Dope soz” подкастына берген сұхбатында Қаңтар оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ

Актер Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға шықпай, үйінде отбасын қорғап отырғанын ашық айтты. Оның сөзінше, трагедия кезінде алаңға шығу мақтанатын дүние емес.

“Барды бар, жоқты жоқ деп айту керек. Қаңтар оқиғасы кезінде алаңда болмадым деп ар санаудың немесе, керісінше, ерлік санаудың қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Өйткені ол жерде менің достарым, таныстарым қайтыс болды. Ешқандай мақтанатын дүние емес. Бұл трагедия, болды. Балам менен “Қаңтар оқиғасында қайда болдың?” деп сұраса, мен “Сендердің жандарыңда болдым, сендерді де қорғайтын адам керек” деп айтар едім. Мен отбасымды қорғадым, үйде мылтықпен отырдым. Маған алаңдағы айғай-шудан көрі, отбасымның амандығы бірінші орында тұрды. Мен сол үшін үйде қалдым, менің қаңтарым үйде болды. Басқа не істей аламыз?”, – деді ол.

Өнер иесі қақтығыс кезінде құқық қорғау органдарының аспанға оқ атып жүргенін айтып, қандай жағдай болмасын отбасын қорғау әрбір ер азаматтың басты міндеті екенін жеткізді.

“Құқық қорғау органдарының өзі үйіміздің алаңында аспанға оқ атып жүрді. Менде шартты дүние, рефлекспен қаруыма жармастым. Қорғау керек. Құқық қорғау органдарымен қырыламын ба, қазақ бауырларыммен бе? Білмеймін. Бірақ қайсысын болса да отбасыма жақындатпас едім. Қаңтар кезінде алаңға шығып-шықпағаныңды тізімге белгілейтін дүние емес. Балама “Керек емес, сен де барма” деп айтар едім”, – деді актер.

Актердің Қаңтар оқиғасына қатысты сөзі желіде қызу талқыға түсті.

“Дұрыс айтып отыр, жарайсың”, “Сол күні әркім өз отаны – жанұясын ойласа ғой, қасірет аз болушы еді. Нағыз әке отбасын өз қанатының астында қорғайтын әке”, “Отбасыңды кімнен қорғап жүрсің?”, “Мүлікті қорғадым де”, “Үйіңді кімнен қорғап жүрсің, қазағым-ау”, “Бұл кісі Қаңтар оқиғасын құнсыздандырып сөйлеп қалды. Екі шегі тақырыптың. Әйтпесе ешкім ол жаққа атысам деп барған жоқ қой, ашынып, эмоциямен талап қоюға шықты. Бірәқ диалогқа келер билік өкілі шыққан жоқ, арты солай болды. Ал бұл кісі әу бастан солай жоспарланғандай айтып отыр. Олай емес қой”, “Жұрттың бәрі қиратамын, сындырамын деп шыққан жоқ. Көптің көкейінде расымен де жақсыға деген сенім болды. Тұтас халықтың жақсыға ұмтылысын құнсыздандыруға болмайды”, – деп жазды олар.

 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий