Вьетнам мен Габоннан оралған екі алматылықтан безгек анықталды
Алматы қаласында соңғы жеті күн ішінде безгек ауруының екі жаңа жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы мәлімдеді.
Ресми мәліметке сәйкес, инфекция шетелден келген азаматтардан анықталған. Науқастардың бірі Габон мемлекетіне жасаған іссапардан, ал екіншісі Вьетнамға туристік сапардан кейін елге оралған. Осылайша, 2026 жылдың басынан бері Алматыда сырттан әкелінген безгек ауруының төрт жағдайы тіркеліп отыр.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың бірінен тропикалық безгек, ал екіншісінен үш күндік безгек түрі анықталған. Тропикалық безгек аса қауіпті инфекциялардың қатарына жатады. Егер дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, ауру миға, бауырға, бүйрекке және тыныс алу мүшелеріне зақым келтіріп, ауыр асқынуларға немесе өлімге әкелуі мүмкін.
Ал үш күндік безгек салыстырмалы түрде жеңіл өтеді. Дегенмен оның қоздырғышы адам ағзасында ұзақ уақыт сақталып, бірнеше айдан кейін қайта белсенділенуі ықтимал.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, екі жағдай да зертханалық тексерулер нәтижесінде расталған. Қазіргі уақытта науқастар стационарлық ем қабылдап жатыр. Сонымен қатар аурудың одан әрі таралуын болдырмау үшін қажетті санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қолға алынған.
Мамандар безгек ауруы Anopheles тұқымдасына жататын масалардың шағуы арқылы жұғатынын ескертеді. Инфекция тұрмыстық байланыс кезінде, қол алысу, ортақ ыдыс пайдалану, тағам немесе су арқылы, сондай-ақ ауа-тамшы жолымен таралмайды.
Денсаулық сақтау саласының өкілдері безгек кең таралған елдерге баратын азаматтарға алдын алу шараларын қатаң сақтап, қауіпсіздік ережелерін ұстануға кеңес береді.
Соңғы жаңалықтар