Зауыт көп болғанымен пайда жоқ: Экономист Қазақстанға Қытай қателігін қайталамауды ескертті

14.04.2026 09:45 Арман Ермеков
Зауыт көп болғанымен пайда жоқ: Экономист Қазақстанға Қытай қателігін қайталамауды ескертті
74
Фото: Максим Золотухин

Экономист Руслан Сұлтанов Қазақстан Қытайдың өнеркәсіптегі тәжірибесінен сабақ алып, тиімсіз зауыттардың санын көбейтуді мақсат етпеуі керегін ескертті, деп хабарлайды Politico.kz.

«ФармМедИндустрия Қазақстан» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов economyKZ.org сайтында Қытайдың экономикалық саясатындағы қателіктер мен жетістіктерді талдап, оның елімізге тигізер әсерін түсіндірді.

Сарапшының сөзінше 20 жыл ішінде Қытай өнеркәсіп өндірісін күрт арттырып, әлемдік нарықта негізгі орынға шыққан. Бірақ зауыт салып, тауар шығаруды көбейту компаниялардың бәсекеге қабілетті немесе табысты болуына кепілдік бермейді. Қытайда аймақтар инвестиция мен жаңа жобалар үшін өзара жарысып, нарық толып қалса да зауыт салу басты мақсатқа айналған. Бұл сұраныстан асып түсетін өнім көлеміне әкеліп, мемлекеттік қолдау компаниялардың күшеюіне емес, тек жан бағуына ғана көмектесті. Мысалы Қытай кеме жасау саласында әлемдік нарықтың жартысынан көбін жаулап алғанымен, кәсіпорындардың кірісі өте төмен деңгейде қалып қойды.

Руслан Сұлтанов мұндай жағдайдың Қазақстанда да қайталанып жатқанын айтады. Еліміздің аймақтары жобалар үшін жарысып, экономикалық қисынға қарамастан жаңа өндіріс орындарын ашып, тек қағаз жүзіндегі статистиканы көбейтуге тырысады. Оның үстіне мемлекеттік бағдарламалар бөлінген қаржы мен жоба санымен ғана бағаланып, тауардың технологиялық сапасы мен өнімділігі ескерусіз қалады.

Қытайдың электромобиль нарығындағы жетістігі сәтті мысал болғанымен, экономист бұған ішкі сұраныстың жоғары болуы мен жеке компаниялар арасындағы қатаң бәсеке себеп болғанын ескертті. Ал Қазақстанда ішкі нарық шағын және технологияға қолжетімділік төмен болғандықтан, бұл тәжірибені көшіру құр еліктеуге ғана әкеледі. Сонымен қатар Қытай микроэлектроника саласына қыруар қаржы құйғанымен, білікті маман мен тәжірибенің жоқтығынан әлемдік көшбасшыларға жете алмады. Сондықтан Қазақстанға күрделі технологиялық салаларға бірден кіруге ұмтылу капиталды босқа жұмсау қаупін тудырады.

Экономист Қазақстанда нәтижесіз жобаларды уақытылы тоқтату механизмі жоқ екеніне назар аударды. Тиімсіз кәсіпорындар экономикалық маңызын жоғалтса да, мемлекеттен қолдау алып отыра береді.

«Қазақстан үшін басты сабақ индустриялық саясаттан бас тарту немесе бөтен модельдерді көшіру емес. Ең бастысы өзінен өзі келетін табыс елесінен арылу керек. Тіпті үлкен ресурстар болған күннің өзінде нәтижеге кепілдік жоқ. Мүмкіндігі шектеулі ел үшін қателіктің құны өте жоғары болады. Индустриялық саясат тек бірнеше шарт орындалғанда ғана жұмыс істейді. Ол институттардың қатаң тәртібі, бәсекелестік, түсінікті және өлшенетін мақсаттар, сондай ақ сәтсіз жобаларды жабуға дайын болу. Онсыз бұл тек есептерде көрінетін, бірақ экономикаға пайдасы жоқ қымбат экспериментке айналады», – деді Руслан Сұлтанов.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий