Немере інісі: Бауыржан Момышұлына 45 жасында бір қызмет бұйырмады

11.08.2026 15:22 Томирис САҒЫНДЫҚ
Немере інісі: Бауыржан Момышұлына 45 жасында бір қызмет бұйырмады
70
Фото: ult.kz порталынан алынды

Бауыржантанушы Бекет Момынқұл даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының соғыстан кейінгі тағдыры мен әскери мансабындағы әділетсіздіктер туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, Генералдық штаб академиясын аяқтап, жоғары маршалдардың қолдауына ие болған полковник Момышұлы бейбіт уақытта лауазымы төмендетіліп, елеусіз қалдырылған. Зерттеуші бұл деректерді объективті түрде зерделеп, оқырманға нақты тарихи фактілерді жеткізудің маңызды екенін ескертеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Әңгіме бар» подкастында айтты.

«Бауыржан Момышұлы соғыс кезінде танытты. Бауыржанға дейін кім танытты? Әміре Қашаубаев Францияда домбырамен ән шырқады. Ал Бауыржан — бүкіл әлемге танылып, қазақтың батырлығын көрсеткен тұлға. Соған күн көрсетпеді. Оны жасыруға болмайды. Осы жағдай менің жаныма қатты батады. 45 жасында дивизия командирі болып тұрған даңқты полковник, кезінде Жуков, Василевский, Рокоссовский сияқты маршалдар мойындаған азаматқа күн көрсетпеді, бір қызмет бермей қойды. Бауыржан Момышұлының өзінің жазбаларында, күнделігінде: «Жатырмын, пенсиям — 200 сом, төбеге түкіріп, басқа түк те жоқ», — деп жазады. Жалындап тұрған 45 жасында, 45 жас деген не? Қиын ба? Қиын. Өкінішті ме? Өкінішті», — деді Бекет Момынқұл.

Бауыржантанушы Бекет Момынқұлдың айтуынша, майдангерді жоғары шенді орыс қолбасшылары жоғары бағалап, ордендерге, батыр атағына және Генералдық штаб академиясына ұсынған. Ал оның Академияны бітіргеннен кейін лауазымының төмендетілуіне жекелеген шенеуніктердің кедергісі себеп болған.

«Әрине, қазір оның бәрін түзете алмаймыз, бірақ шындықты жеткізудің жолы бар. Деректі тапсақ, көрсетсек болады. Орыс шовинизмі болды. Бірақ мен кейде жігіттерге: «Бір жақты болуға болмайды», — деп айтамын. Бауыржанды әскери өнерге үйреткен де, оны батальон командирі етіп тағайындаған да, Ленин орденіне ұсынған да — орыс генералы Иван Васильевич Панфилов. Ал екі рет Кеңес Одағының Батыры атағына қайталап ұсынған — генерал Иван Иванович Серебряков. Бауыржанды дивизия командирі лауазымына ұсынған — генерал Иван Михайлович Чистяков. Яғни, орыс әскери қолбасшылары Бауыржанды қатты бағалаған. Оны Генералдық штаб академиясына жіберіп, қорғаныс халық комиссариатының қарамағында қалдыруды көздеген де солар еді. Ол 1948 жылы Генштаб академиясын аяқтады. Бірақ Бауыржан дивизия командирі болып тұрып, академияны бітіргеніне қарамастан, лауазымы үш сатыға төмендетіліп, бригада командирінің орынбасары болып тағайындалды. Оған себеп болған — орыс генералы Бирюков сияқты жоғары тақтағы кейбір шенеуніктердің кедергісі еді», — деді Бекет Момынқұл.

Войдите, чтобы оставить комментарий