"Жалғыздық адамды шаршатады екен": Мақпал Жүнісова желіде жан сырын ақтарды

05.05.2025 14:01
0
133
ашық дереккөзден

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі жазбасында жан сырын ақтарып, жалғыздықтан шаршағанын ашық айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

 Өнер иесі өміріндегі ең үлкен тірегі — қызы Мерей екенін, оған бар мұңын айтып, сыр бөлісетінін жасырмады.

«Қызымның айтқанын тыңдаймын. Сәл сырқаттанып қалсам, жаны шығып кете жаздайды. ‘Мама, сен ауырмашы, сен әлі керексің’ дейді. Ақыл айтып қоятыны да бар. Балам емес, менің досым сияқты. Сырымның бәрін Мерейге айтып отырамын. Мұңымды шағамын. Оны бала ғой демеймін», — деді әнші.

Сонымен қатар ол марқұм жұбайы, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовті жиі еске алатынын айтты. «Кейде жалғыздық деген адамды шаршатады ғой. Зәкеңді қайта-қайта еске алатын кездерім болады. Ондайда халықтың өзі басу айтады. ‘Сіз жалғызбын деп айтпаңыз, біз бармыз, сізді жақсы көретін халық бар екенін ұмытпаңыз, сіз бақытты болуға лайықсыз, сіз бақыттысыз’ деп жатады», — деп жүрек түкпіріндегі сөзін бөлісті Мақпал Жүнісова.

Ол халықтың сөзі мен қолдауына үнемі құлақ асатынын, сахнада ғана өзін нағыз бақытты сезінетінін де мойындады: «Әрине, халықтан үлкен емеспіз. Ұлық болсаң, кішік бол деген. Халықтың сөзін тыңдаймын. Өйткені бізге баға беретін де, көкке көтеретін де — халық. Сүрініп кеткенімізді кешіретін де — халық. Ал сахнада өзімді бақытты сезінетінім рас», — деді әнші шын көңілімен.

Мақпал Жүнісова осы бір әсерлі әңгімесі арқылы өмірінің шынайы сәттерін бөлісіп, өнер адамының да ішкі күйзелісі мен адамдық нәзіктігін көпшілікке көрсетті. Оның бұл сөздері әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан үлкен қолдау тауып, жанашыр пікірлер мен жылы лебіздер жазылды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий