Жамбыл облысы полиция бастығының экс-орынбасарының жазасы қысқарды

21.08.2026 09:49 Әсел МҰРАТ
Жамбыл облысы полиция бастығының экс-орынбасарының жазасы қысқарды
164
Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы облыстық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Жайдарбек Құттыбаевтың жазасын алты жылдан төрт жылға қысқартты, деп хабарлайды Politico.kz «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы тараптардың шағымдарын қарау нәтижесінде облыстық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Жайдарбек Құттыбаевқа тағайындалған жазаны жеңілдетті. Оның алты жылдық бас бостандығынан айыру мерзімі төрт жылға дейін қысқартылды.

Сондай-ақ осы іс бойынша айыпталушы болған Талас аудандық полиция бөлімінің бұрынғы бастығының міндетін атқарушы Еркен Абаевтың да жазасы жеңілдетілді. Оның бес жылдық жаза мерзімі төрт жылға қысқарды.

Агенттіктің хабарлауынша, іс бойынша жәбірленуші ретінде полиция инспекторы Дархан Уәлиев танылған.

Айыптау нұсқасына сәйкес, Уәлиев бұған дейін басқа қылмыстық іс бойынша қудалауға түскен. Жәбірленуші бір адамды ұрып-соғып, содан кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғау және ішкі істер органдарынан босатылу қаупі төнген. 

Сол кезде Талас аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы қызметін атқарған Еркен Абаев бағынышты қызметкеріне мәселені облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жайдарбек Құттыбаев арқылы шешуді ұсынған.

Іс материалдарына сәйкес, Уәлиевтен 5 млн теңге алған жағдайда оған арнайы атағын сақтап қалуға және қылмыстық жауапкершіліктен құтылуға көмектесуге уәде берілген. Алайда кейін полиция қызметкері қамауға алынып, ақша бергені туралы құқық қорғау органдарына хабарлаған.

Еске салайық, 18 маусымда Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары және Талас аудандық полиция бөлімінің экс-бастығы пара алу ісі бойынша сотталған еді.

Сол кезде Жайдарбек Құттыбаев алты жылға, ал Еркен Абаев бес жылға бас бостандығынан айырылған. Бұдан бөлек, сот екеуіне де мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салып, арнайы атақтарынан айыру туралы шешім шығарған.

Войдите, чтобы оставить комментарий