Жамбылда медицина саласын басқарған экс-шенеунік істі болды

05.08.2026 15:56 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жамбылда медицина саласын басқарған экс-шенеунік істі болды
157
Фото: depositphotos.com

Таразда Жамбыл облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің экс-басшысы Айгүл Балғабаева 1 млн теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, жазадан айыппұл төлеп құтылды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Orda.kz-ке сілтемемен.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек бұрынғы шенеунік жеке медициналық мекемеге қызметін жүзеге асыруға лицензия беру мәселесін оң шешіп бергені үшін 1 млн теңге көлемінде пара талап еткен. Сот отырысы барысында Айгүл Балғабаева өз кінәсін толық мойындап, судьядан өзін бас бостандығынан айырмай, тек айыппұлмен шектелуді сұрады.

Нәтижесінде сот оны кінәлі деп тауып, пара сомасынан 50 есе көп мөлшерде айыппұл төлеуге міндеттеді, ал осы іске қатысы бар басқа екі айыпталушыға сәйкесінше 30 және 10 есе көлемде қаржылай жаза кесілді.

Айта кетейік, Айгүл Балғабаева аймақтағы денсаулық сақтау саласындағы заңнаманың сақталуын қадағалап, лицензия берумен айналысатын облыстық департаментті 2024 жылдың қыркүйегінен бастап басқарған болатын. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий