Жанәбіловтерден тәркіленген көліктер сатылымға шықты
Сотталған блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген автокөліктер сатылымға қойылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Хабарландырулар E-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімінің порталында жарияланды.
Порталда 2025 жылы шығарылған Hyundai Elantra маркалы сегіз автокөлікті сату жөнінде хабарландыру орналастырылған. Бұл көліктер сот шешімімен Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновадан мемлекет кірісіне тәркіленген болатын.

Хабарландырулардағы мәліметтерге сәйкес, сегіз көліктің барлығы «Zhana Business» ЖШС атына тіркелген. Аталған серіктестіктің басшысы – Жанәбіловтің жұбайы, сот үкімімен кінәлі деп танылған Эльмира Төлегенова.
Тәркіленген көліктер қазіргі уақытта Астана қаласы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансында тұр.
Автокөліктердің бастапқы сату бағасы көрсетілмеген. Әр көліктің бағалау құны 8 395 000 теңге деп белгіленген.
Өтінім беруге құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ президенттің, саяси мемлекеттік қызметшілердің және парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік құрылымдар ғана құқылы. Нысандардың сипаттамасында бұл мүліктің мемлекеттік заңды тұлғаларға олардың балансына беру үшін ұсынылмайтыны көрсетілген. Осыған байланысты жеке тұлғалардың сауда-саттыққа қатысуына мүмкіндік қарастырылмаған.
Сауда-саттық 7 шілдеде басталады. Алғашқы кезеңде оған тек мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар ғана қатыса алады. Егер осы кезеңде автокөліктер сатылмай қалса, кейін олар барлық азаматтар үшін ашық саудаға шығарылатын болады.
Әр автокөліктің сипаттамасында жиынтыққа екі кілт пен көлік құралын тіркеу туралы куәлік (техпаспорт) кіретіні көрсетілген. Сонымен қатар жүксалғышта қосалқы дөңгелек пен стандартты құрал-саймандар жиынтығы жоқ екені айтылған. Сондай-ақ көліктердің техникалық жай-күйін тексеру мүмкін емес екені және оларға тыйым салу шарасы қолданылғаны атап өтілген.
Жанәбіловтер ісі бойынша сот үкімі
Сәуір айының соңында Астана қаласында Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот үкімі жарияланды. Сот оларды заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру қылмыстары бойынша кінәлі деп таныды.
2025 жылы 27 сәуірде сот:
- Эльмира Төлегеноваға мүлкін тәркілей отырып, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда жазаны орындау екі жылға кейінге қалдырылды;
- Ерболат Жанәбіловке мүлкін тәркілей отырып, екі жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Іс материалдарына сәйкес, бастапқыда прокурор қатаңырақ жаза тағайындауды сұрағанымен, кейін айыптау тарапы жеңілдеу жаза түрімен келіскен.
Үкім шығарылғанға дейін мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың 247 653 229,5 теңге көлеміндегі мүліктік залалды өз еркімен өтегенін мәлімдеген. Оның айтуынша, аталған сома толық көлемде өндірілген.
Судья Әділбек Баймахановтың үкімді түсіндіру барысында сотталушыларға тиесілі мүліктің бір бөлігі мемлекет кірісіне тәркіленетінін айтты.
«Мемлекет кірісіне Hyundai Elantra маркалы сегіз автокөлік пен жады көлемі 128 гигабайт болатын iPhone 16 маркалы 17 ұялы телефон тәркіленсін», – деді судья үкімді жариялау кезінде.
Сонымен қатар Lamborghini Urus және Lexus LX600 автокөліктеріне салынған тыйымның күші жойылды.
Соңғы жаңалықтар