Жанұзақ Әкім: Әскер басшылары жаңа келгендерден пара жинайтын сияқты

28.09.2026 • 11:32 Томирис САҒЫНДЫҚ
Жанұзақ Әкім: Әскер басшылары жаңа келгендерден пара жинайтын сияқты
187
Фото: видеодан скриншот

Халықаралық адам институтының президенті, белгілі қоғам қайраткері Жанұзақ Әкім қарулы күштердегі қазіргі жағдайға қатысты өз пікірін білдіріп, әскердегі әлімжеттік пен жүйелі проблемаларға назар аудартты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.

«Әскерге барған 300 жас жігіт қайтыс болды» дейді. Бұл сөз рас болса, әрине, оны тексеру керек. Яғни, жылына 100 адамнан келеді екен. Бұл не деген сөз? Оны енді көріп жүрміз ғой, тіпті сотқа да беріп жатыр. Осы жақында ғана әскерге жаңадан барған жас жігіттің иегін үш жерден сындырған. Ол неге иегін сындырады? Оның алдында тіпті жыныстық қатынасқа түсіп, зорлағаны да дәлелденді, сотта да көрсетілді. Неше түрлі сұмдық болып жатыр. Бұл — әскерде тәртіптің жоқтығы. Онда «жарғы» деген тәртіп атымен жоқ. Бұл — түрменің тәртібі сияқты. Сержанттар мен үлкендер соңғы келген сарбаздарды ұрады, соғады, өлтіреді. Осы жылдар ішінде мұның ешқандай тоқтауы болмады. Көрдіңіз бе?» — деді ғалым.

Сарапшының айтуынша, армиядағы зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздіктің тамыры әскери саладағы сыбайлас жемқорлық пен басшылық тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігінде жатыр.

«Бұның себебі не десеңіз, әскердің негізгі басшылары жаңадан келгендердің бәрінен пара жинайтын сияқты. Әртүрлі жолдармен ата-аналарына қысым жасап, ақша алдырады. Содан кейін, өткендегі Қорғаныс министрі Қосанов па еді? Сол сұқбат берді. Сол кезде журналист: «Осындай өлімдерді қашан тоқтатасыз?» деп сұрақ қойса, «Болып тұрады» деп ыржың-ыржың етіп күледі. Мен өзім негізі оның өзіне емес, мамандығын сыйлайтын едім. Истребительде ұшқан ұшқыш, бұрынғы Мұхтар Алтынбаев немесе Тоқтар Әубәкіров сияқты мақтаулы азамат қой деп ойлайтынмын. Билікте отырып берген ол сұқбаты — есі дұрыс адамның сөзі емес», — деді Жанұзақ Әкім.

Жанұзақ Әкім әскери саланы бақылайтын қадағалау органдарының жұмысын қайта қарау қажеттігін айтып, мәселені шешу үшін жүйелі реформалар керектігін атап өтті.

«Яғни, әскери саланың ең жоғарғы жағына дейін бәрі пара алатын сияқты. Болған нәрселердің бәрін жылы жауып қоятындары да содан. Содан кейін әскери прокуратура мен әскери сот сияқты құрылымдар да бөлек қой, оларды да тексеру керек. Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл болды, мұндай сұмдық содан бері орын алып келеді. Оған дейін мұндай болған жоқ. Оған дейін неге болмады? Себебі Кеңес өкіметі кезінде, жақсы ма, жаман ба, әскерде мықты тәртіп болды», — деді Жанұзақ Әкім.

Войдите, чтобы оставить комментарий