«Жарты жыл дайындалған сәукеле»: Света Айтбаева қызы Раушанның ұзатуындағы ерекше дәстүрді айтты
Qazaqstan ұлттық телеарнасының «1001 түн» бағдарламасына қонақ болған Света Айтбаева жақында ұзатылған қызы Раушанның тойы жайлы кеңінен әңгімеледі. Айтуынша, бұл қуанышты күн тек отбасылық мереке ғана емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртқан ерекше салтанатқа айналған, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Света Айтбаева ұзату тойында ұмыт бола бастаған қазақы дәстүрлерді қайта тірілтуге ерекше мән бергенін атап өтті. Әсіресе, көпшіліктің назарын аудартқан Раушанның ұзатудағы киім үлгісі мен сәукелесі болды.
«Қыз баланың ұзатыларда киетін киімі қызыл түсті болуы керек. Бұл – біздің дәстүріміз. Ал қызымның сәукелесін болашақта отбасылық жәдігер ретінде сақтау үшін арнайы таза күмістен, асыл тастармен безендіріп, жарты жыл бойы дайындадық», – деді ол.
Бағдарлама эфирінен кейін Құдайберген әулетінің бұл қадамы желі қолданушылары тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Көпшілік олардың қарапайымдылығын, ұлттық мәдениетке деген құрметін ерекше атап өтті.
«Света мен Қанат – өте білімді, мәдениеті жоғары жандар», «Дәстүрді сақтап, қазақы рухты дәріптеп жүрген осындай отбасылар бар екеніне қуанамыз», «Раушанның тойы арқылы ұлттық құндылықтардың қаншалықты әдемі екенін тағы бір мәрте сезіндік», «Құдайберген әулетінің бірлігі мен тәрбиесі үлгі боларлық», – деп жазды оқырмандар.
Сондай-ақ, той барысында ағайын-туыстың қарындастарына арнап өздері жазып, өздері орындаған әні де көрерменге ерекше әсер қалдырған. Бұл салтанат көпшілік үшін жай ғана той емес, рухани мәні терең, қазақ мәдениетін дәріптеген тағылымды шара ретінде есте қалды.
Соңғы жаңалықтар