Жарты жыл ешкім алмаған Сатыбалдының бұрынғы Байсат базары ақыры сатылды
Мемлекет меншігіне қайтарылған Қайрат Сатыбалдының Алматыдағы «Байсат» базары жарты жыл бойы сатылмай, ақыры электронды сауда-саттық арқылы 24,77 млрд теңгеге өзге адамның қол астына өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Тамыз айының 7 күні Sauda электрондық сауда алаңында өткен аукционға тек бір ғана үміткер қатысып, ол нысанды 24 772 753 285 теңгеге бастапқы бағамен сатып алған. Әзірге жаңа иесінің есімі құпия сақталып отыр. Айта кетейік, бұл сома базардың бағалау құнынан шамамен 13 пайызға төмен. Бұған дейін сауда орталығы жарты жылдан астам уақыт бойы аукциондар мен тендерлерге алты рет шығарылып, оның бағасы 24,7 млрд теңгеден 28,6 млрд теңгеге дейін құбылғанымен, бірде-бір сатып алушы табылмаған еді.
Алматыдағы танымал барахолка аумағында, дәлірек айтқанда Жетісу ауданының Солтүстік айналма тасжолында орналасқан «Байсат» қаладағы ең ірі көтерме-бөлшек сауда базары болып саналады. Бұл орын негізінен үйге қажетті бұйымдар, ыдыс-аяқ, шаруашылық тауарлары мен ойыншықтар сатуға маманданған.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының отбасына тиесілі болған бұл актив заңсыз байлықты қайтару процесі аясында мемлекетке өткен болатын. Кәсіпкер базардың бір бөлігін өз еркімен берсе, қалған үлесі 2024 жылдың қаңтар айында сот шешімімен толықтай тәркіленген еді.
Соңғы жаңалықтар