Жасырын патруль мен қатаң техосмотр: Жүргізушілер мен самокат мінетіндерді не күтіп тұр

20.04.2026 16:53 Арман Ермеков
Жасырын патруль мен қатаң техосмотр: Жүргізушілер мен самокат мінетіндерді не күтіп тұр
127
Олжас Бектенов жол қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды. Фото: Үкімет

Үкімет жол апатын азайту үшін жаңа ережелер енгізіп, самокат тебетіндерге талапты күшейтіп, оң рөлді көліктерді такси қызметінен шеттетпек, деп хабарлайды Politico.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов жол қауіпсіздігіне арналған жиын өткізіп, көлік апатын азайту үшін бірқатар жаңа талаптарды бекітті. Елімізде жыл сайын жол апатынан 40 мыңға жуық адам жарақат алып, 2,5 мың адам көз жұмады.

Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің мәліметінше, бұған жүргізушілердің тәртіпсіздігі, жол сапасы мен көліктердің нашар техникалық жағдайы себеп болып отыр. Биылдың өзінде 3 млн-нан астам ереже бұзу дерегі тіркеліп, 5,5 мың жүргізуші мас күйде ұсталған.

Жолдағы тәртіпті қадағалау үшін қазір республика бойынша 30 мыңға жуық камера жұмыс істейді. Жол апатының 84 пайызы елді мекендерде болатынын ескерген үкімет басшысы жаңа тапсырмалар берді.

• Орташа жылдамдықты өлшейтін камералар тек ақылы тасжолдарға ғана емес, аймақтық жолдарға да орнатылады.

• Көліктерді техникалық байқаудан өткізу талаптары күшейіп, газ баллоны бар көліктер жіті тексеріледі. Сонымен қатар жарық шағылыстыратын таңбасы жоқ жүк және жолаушылар көліктері техникалық байқаудан өте алмайды.

• Жолаушылар тасымалына қатысты талаптар өзгереді. Қазірдің өзінде рөлі оң жақта орналасқан 63 мың көлік такси қызметінен шеттетілді. Алдағы уақытта рөлі оң жақтан солға ауыстырылған көліктерді де такси ретінде пайдалануға тыйым салынып, бұл талапты бұзған агрегаторлардың жауапкершілігі қатаңдатылмақ.

• 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап электр скутерлері мен мопедтерге жаңа ережелер күшіне енеді. Оларды міндетті сақтандыру енгізіліп, жалға беретін компанияларға қойылатын талаптар артады. Әкімдіктер скутер тұрақтарын көбейтіп, олар жүре алмайтын тыйым салынған аймақтарды белгілеуі тиіс. Сондай-ақ мопед жүргізушілері енді ереже сақтап, арнайы куәлік алуға міндеттелді.

• Астанада жақсы нәтиже көрсеткен көшедегі «жасырын» патрульдеу тәжірибесі басқа өңірлерге де жаппай енгізіледі.

Бектенов Алматының Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатын еске салып, қала әкіміне қосымша шаралар қабылдауды жүктеді. Инфрақұрылымды жақсарту аясында өңірлерде реттелетін жаяу жүргіншілер өткелін көбейтіп, жарықтандыру мен жол белгілерінің сапасын арттыру тапсырылды. Қазірдің өзінде 11 өңірдегі трассаларда түнде көрінуді жақсартатын лазерлік жүйелер іске қосылған.

«Жүргізушілер ережелерді тек камералардың “бақылау аймағында” ғана емес, үнемі сақтау керектігін біржола түсінуге тиіс», – деді Олжас Бектенов.

Үкімет жазғы демалыс маусымында адамдардың қозғалысы артатынын ескеріп, оқушылар мен ата-аналар арасында жол ережесін түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий