"Жеңгемнің бетіне қарай алмадым". Құралай ханым бауырының қазасына өзін кінәлаған

01.09.2026 22:41 Томирис САҒЫНДЫҚ
181
Фото: видеодан скриншот

Танымал психолог Құралай ханым сұқбаттарының бірінде бауырының қазасынан кейінгі психологиялық жағдайы мен бастан өткерген ауыр кезеңі туралы айтып берді. Ол жақынын елордаға көшіріп алғаннан кейін болған қайғылы оқиғаға өзін іштей кінәлі сезінгенін жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы психолог Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі.

Психологтың айтуынша, пандемия кезіндегі отбасылық жағдайларға байланысты ол жақындарын Алматыдан Астанаға көшіруге шешім қабылдаған, алайда бұл шешімнің арты күтпеген қайғыға ұласты.

«Мен өзімді кінәлай бастадым, себебі бауырым 45 жыл бойы Алматыда тұрған еді. Карантин кезінде анам қатты ауырып, Қаскелеңде тиісті аппарат болмағандықтан, өте қиналды. Содан кейін «Анам да, бауырым да қасымда болсын» деген оймен жеңгемді көндіруге тырыстым. «Астанаға көшіңдер, үйдің бәрін сатыңдар, не істейсіңдер?» деп оларды қызықтырдым. Ол жақта балаларды оқытып жатты, олар үлкейіп қалған еді. Сөйтіп, алдымен анам мен жеңгемді, кейін бауырымды көндіріп, Астанаға көшіріп алдым. Бірақ ол Астанада бір жыл да тұра алмады, тіпті бір қыстамады. Үйді салып, енді кіремін дегенде, қасына СТО тұрғызып жатқан еді. Өзі көлік жөндеуге өте икемді, еңбекқор азамат болатын. Мен шетелге ұшар кезде ол: «Төрт күннен кейін ораласың, сосын мұны ашамыз, сені күтемін» деп айтты. Ал мен бұл қайғылы хабарды шетелде жүргенде естідім. Қатты депрессияға түсіп, өзімді кінәлай бастадым», — деді Құралай ханым.

Бауырының қазасынан кейін ол ұзақ уақыт бойы өзін кінәлап, климаттық және ортаның ауысуы бұл оқиғаға әсер етті ме деген күдікте болған, алайда марқұмның жұбайы тарапынан айтылған сөздер оған рухани демеу болды.

«Алматыда тұра бергенде, жылы жерде...» деп жеңгемнің бетіне қарай алмай қалдым. Оларды Астанаға көшіріп алдым ғой. Мүмкін, Астананың суық ауа райына жүрегі шыдамаған болар? Өзінің туған жерінен, достарынан алыстап кетті. Өзі өте досшыл еді, жерлеуіне бүкіл Қазақстаннан 500-ге жуық досы келді. Сол кезде өзімді қатты кінәлап, терең депрессияға түстім. Бірақ кейіннен жеңгем де маған қолдау білдіріп: «Қайта, жақсы болды. Өзінің шаруашылығы да, малы да болды, соның бәрін сатып, реттеп кетті. Өз дайындығын жасап, балаларына үй алып беріп, бәрін орнына қойып кетті. Ерте кетсе де, ер адам, күйеу, әке ретінде өзінің миссиясын толық орындап кетті» деп айтты. Ол шын мәнінде бәрін реттеп, ұлына пәтер алып беріп, шаруасын тиянақтап барып аттанды», — деді ол.

Сондай-ақ Құралай ханым осы ауыр кезеңді еңсеру үшін рухани сабақтарға сүйенгенін және бұл күйзелістің бірнеше жылға созылғанын атап өтті.

«Осыдан кейін, әсіресе түрлі сабақ пен шариғатты түсінген соң, маған сәл жеңілдеу болды. Алланың жазған тағдырына біз қарсы келе алмаймыз, мұнда мен де, өзге де кінәлі емес. Мұның бәрі — маңдайға жазылған өлшеулі тағдыр. Түсіну өте қиын болды, екі жылдай өте қатты қиналдым. 2021, 2022, 2023 жылдар мен үшін өте қиын болды. Бұған дейінгі көрген сынақтарым мұның қасында ойын сияқты болып қалды. Жақын адамыңнан айырылу — өте ауыр қайғы, мұндайды ешкімнің басына бермесін. Сол кезде мен: «Бүкіл әлем жиналып басыңа күлсе де мейлі, бірақ бәрі жиналып басыңа жыламасын. Жылағаны — ең жаманы екен» деп жазған едім. Ол кезде маған бүкіл Қазақстан күліп жатқандай көрінген, бірақ ол күлу деген ойнамай қалды», — деп түйіндеді сөзін блогер.

Войдите, чтобы оставить комментарий