Жеңгетайлықпен айналысқаны үшін сотталған "Айка" мәлімдеме жасады
Жеңгетайлықпен айналысқаны үшін 6,5 жылға сотталып, “Айка” лақап атымен танылған Айғаным Мырзахметова алғаш рет қазақстандықтарға үн қатты, деп хабарлайды Politico.kz.
25 қарашада сот Айкаға қатысты жазаны өтеу мерзімін екі жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған. Осы кезеңде ол пробациялық бақылауда болады.
Бостандыққа шыққаннан кейін блогер қоғамға алғаш рет жеке мәлімдеме жасап, осы уақытқа дейін болған жағдайға не себепті түсінік бере алмағанын айтты. Оның сөзінше, соңғы кезең өміріндегі ең ауыр сынақтардың бірі болған.
“Сәлеметсіздер ме! Есімім Айка. 27 жастамын. Ұзақ жылдардан кейін алғаш рет қоғамға және БАҚ-қа жеке үн қатқым келді. Соңғы кезең өмірімде ауыр сынақтарға толы болды. Сондықтан болып жатқан жағдайды түсіндіре алмадым. Қазір, пробациялық бақылауда болып, заңмен белгіленген талаптарды орындап, қысқаша түсініктеме беруге құқым бар”, – деді Айка.
Ол бұл мәлімдемесінің мемлекеттік органдар мен билік өкілдеріне арналмағанын атап өтті. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде өзінің атына қатысты тараған ақпараттың барлығы бірдей шындыққа сай емес екенін, кей деректердің біржақты берілгенін жеткізді.
“Қазір өз өмірімді ретке келтіру үшін жұмыс істеп жатырмын. Баламды тәрбиелеп, әрі қарай адал әрі саналы өмір сүруге тырыудамын”, – деді блогер.
Айка журналистерден өзінің құқықтық шектеулерін ескеріп, жарияланған мәлімдемені дұрыс пайдалануды сұрады. Ол соңғы үш жылын ерекше ауыр кезең ретінде сипаттады.
“Соңғы үш жылым үш жүз жылдай өтті. Уақыт тоқтап қалғандай болды. Әр күнім бір-біріне ұқсас, әр түн тыныштықта, бостан бос өтті. Әр секундта жалғыз екенімді сезіндім. Алматыдан, үйімнен, отбасымнан мыңнан аса километр қашықтықта болдым. Бұл адам төзгісіз жағдай еді”, – дейді ол.
Блогер ешкімнен аяушылық күтпейтінін, бұл жазбаны сол кезеңнен қалай өткенін айту үшін ғана жариялағанын да ашық айтты.
“Міне, мен бостандыққа шықтым. Әлем де, адамдар да өзгерген. Білемін деп жүрген қала бөтен болып кеткен. Барлығы жылдам, жарқын, шуы көп. Ал мен жаңа өмірге басқа жерден келгендей, өзімді бөтен сезінемін. Кейде қорқыныш пен қиындықты сеземін”, – деді Айка.
Мәлімдемесінің соңында Айғаным Мырзахметова қиын сәттерде өзін жарты жолда тастамай, қолдау білдірген жандардың барлығына алғысын айтты.
Соңғы жаңалықтар