Жеті айлық сәбидің жұмбақ өлімі: анасы күтушіге ауыр айып тақты
Алматы тұрғыны Гүлайым Серікбол жеті айлық қызын омыраудан шығару үшін үш күнге бала күтушіге қалдырған. Алайда арада бірнеше сағат өткенде оған сәбиінің қайтыс болғаны туралы хабар жеткен, деп хабарлайды Politico.kz.
Көп балалы әйелдің айтуынша, оқиғаға сегіз айдан асқанымен, кенже қызынан айырылудың қасіретін әлі ұмыта алмаған.
«Таңғы сағат төрттер шамасында "қызыңыз дем алмай жатыр" деп хабарласты. Барғанымда қызым залда жатты, бетін ақ матамен жауып қойған. Бетін ашып қарасам, маңдайының екі жағы көгеріп кеткен, қол-аяғы суып қалған. Дәрігерлердің айтуынша, ол бір жарым сағат бұрын көз жұмған екен. Сараптамада "асфиксия, мойнынан қылқындыру" деп көрсетілді», – деді анасы.
Оның сөзінше, сол сәтте бала күтуші өз кінәсін жоққа шығарып, болған жағдайды түсіндіре алмаған.
«Ол айғайлап жылап, "мен емес, мен істеген жоқпын" деді. Кейін "баланы қолыма алып отырып ұйықтап кетіппін" деп түсіндірді», – дейді Гүлайым Серікбол.
Оқиғадан кейін бала күтуші күдікті ретінде қамауға алынған. Қазір іс сотта қаралып жатыр. Айыпталушы өзіне тағылған айыптарды мойындамай отыр.
Ал оның адвокаты сот барысында баланың денсаулығына қатысты мәселелерді алға тартып, сәбидің туғаннан бері тұрғылықты жеріндегі емханада есепте тұрмағанын мәлімдеді.
Сонымен қатар заңгерлер ата-аналарға бала күтушіні жұмысқа алмас бұрын оның соттылығы, психикалық және наркологиялық есепте тұрған-тұрмағаны туралы анықтамаларды талап ету қажет екенін ескертті.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы сотта қаралып жатыр. Егер бала күтушінің кінәсі дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар