Жетісу облысында анасы мен қызы 25 млн теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды

13.07.2026 09:44 Әсел МҰРАТ
Жетісу облысында анасы мен қызы 25 млн теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды
333
Фото: istockphoto

Жетісу облысында 41 жастағы әйел мен оның 19 жастағы қызы 25 миллион теңге көлемінде ақша бопсалады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желілерде Көксу аудандық полиция бөлімінің алдында күдіктілердің жақындары жиналып, наразылық білдіріп тұрған видео кеңінен тарады. Бейнежазбада қолында емізулі сәбиі бар егде жастағы әйел көрінеді. Туыстарының айтуынша, ұсталған бойжеткеннің сегіз айлық сәбиі анасының қарауынсыз қалған.

Жақындарының сөзінше, жас ана баласының әкесімен кездесуге барған. Олардың мәліметінше, ер адам оған 25 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуге келіскен. Алайда кездесуге келген сәтте әйелді полиция қызметкерлері ұстаған.

Оқиғаға байланысты Жетісу облысының полициясы ресми түсініктеме берді.

Ведомствоның хабарлауынша, аса ірі көлемде бопсалау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Бұл қылмыс заң бойынша аса ауыр санатқа жатады.

Полицияның мәліметіне сәйкес, жедел-іздестіру шаралары барысында екі әйел қылмыс үстінде қолға түскен.

«Күдіктілер қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін талап етілген 25 миллион теңгені алу кезінде ұсталды», – деп мәлімдеді полиция.

Қазіргі уақытта екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оларға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесін сот қарайды.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Іс бойынша түпкілікті құқықтық бағаны тергеу органдары мен сот береді.

Войдите, чтобы оставить комментарий