Жетісуда тұрмыстық зорлық құрбандарына көмектесетін заңгер әйелін сабап сотталды

14.08.2026 12:50 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жетісуда тұрмыстық зорлық құрбандарына көмектесетін заңгер әйелін сабап сотталды
158
Фото: ашық дереккөз

Жетісу облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмектесетін орталықтың заңгері өз әйеліне қол көтергені үшін сотталды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Жетісу облысының прокуратурасына сілтемемен.

Оқиға Қаратал ауданында болған. Қылмыс жасалған кезде ер адам «Жанұя» Отбасын қолдау орталығында заңгер болып жұмыс істеген. Бұл мекеме отбасылық зорлық-зомбылықтан жәбір көрген адамдарға тікелей көмек көрсетеді. Алайда жәбірленушілердің құқығын қорғауға тиіс кәсіби маман өзінің жұбайына қарсы заңсыз әрекеттер жасаған.

Қылмыстық іс Қаратал аудандық сотында қаралды. Сот талқылауы барысында Қаратал ауданы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы оның кінәсін толық дәлелдеп шықты. Нәтижесінде сот үкімімен кінәлі азаматқа 200 сағат көлемінде қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енді.

Жетісу облысының прокуратурасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ешқандай жол берілмейтінін еске салды. Құқық бұзушының лауазымына, қоғамдағы мәртебесіне немесе жұмыс орнына қарамастан заң алдындағы жауапкершілік міндетті түрде қарастырылады. Заңдылықты қамтамасыз ету және жәбірленушілердің құқықтарын қорғау жұмыстары прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.

Войдите, чтобы оставить комментарий