ЖИ арқылы марқұмның фотосын «тірілту» күнә ма: ҚМДБ түсіндірді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайтыс болған адамдардың суреттерін жасанды интеллект көмегімен жандандыруға қатысты түсініктеме берді. ҚМДБ мұндай әрекеттің үкімі оны қолдану мақсаты мен нақты жағдайына байланысты болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Мүфтият түсіндірмесінде марқұмның бейнесін табиғи қимылдарына ұқсас етіп жандандыру оны сағынғанда еске алу, көңіл жұбату және жақсы естеліктерді жаңғырту мақсатында жасалса, оған рұқсат етілетіні айтылған.
«Егер марқұмның суретін жасанды интеллект арқылы табиғи қимылдарына ұқсас түрде жандандырудың мақсаты оны сағынған кезде еске алу, көңіл жұбату және жақын адамын жақсы естеліктермен еске түсіру болса, мұндай технологияны қолдануға рұқсат етіледі. Себебі бұл әрекеттің мақсаты шариғатқа қайшы емес және онда тыйым салынған нәрсе жоқ. Фиқһ қағидада: «Құралдардың үкімі оның қандай мақсатта қолданылуына байланысты» деп айтылған», - делінген хабарламада.
Діни басқарма технологияны қолдану адамның шынайы өмірден алшақтауына, қайғысын қайта күшейтуіне немесе психологиялық зиян келтіруіне себеп болса, бұған жол берілмейтінін атап өтті.
«Марқұмның бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандыру адамның шынайы өмірден алшақтауына, өткен шаққа байланып қалуға, қайғы-қасіретін қайта күшейтуіне немесе Алланың өлім туралы белгілеген тағдырына іштей қарсылық сезімін тудыруға себеп болса, мұндай әрекетке тыйым салынады. Өйткені бұл адамның өзіне және оның жақындарына рухани әрі психологиялық зиян келтіруі мүмкін», - дейді мүфтияттағылар.
Діни басқарма марқұмдардың бейнесін коммерциялық жарнамада пайдаланып, өнімді жалған түрде насихаттаудың да дұрыс еместігін атап өтті.
«Егер суретті жандандырудың мақсаты, марқұмға шын мәнінде айтпаған сөздерді айтқызу, оған тиесілі емес пікірлерді телу немесе жалған ақпарат тарату болса, мұндай әрекетке қатаң түрде тыйым салынады. Себебі бұл ақиқатты бұрмалау және қайтыс болған адамға қатысты өтірік айту болып саналады. Әсіресе кейбір жағдайларда мұндай технологиялар өзгертілген бейнелерді коммерциялық жарнамаларда пайдаланып, өнімді шынайы емес түрде насихаттау үшін қолданылуы мүмкін. Бұл адамдарды алдауға және олардың мал-мүлкін әділетсіз жолмен иеленуге әкеледі. Ал шариғатта бұған тыйым салынған», - делінген хабарламада.
Соңғы жаңалықтар