Жүк көлігінің астында қалған баланың анасы жүрек ауыртар үндеу жасады
26 мамыр күні Тәуелсіздік пен Пушкин көшелерінің қиылысында болған қайғылы жол апатынан кейін қаза тапқан баланың анасы әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Еске салайық, сол күні жүк көлігінің астына түскен бала оқиға орнында көз жұмған еді.
Марқұм Глебтің анасы ұлының өте белсенді, өмірсүйгіш әрі тынымсыз бала болғанын айтты. Қара жамылған ана қайғылы жағдайға жүргізушіні кінәламайтынын жеткізді.
“Шексіз қайғымызға ортақтасқан барша жанға рақмет. Ұлымыз Глебтен айырылып қалдық. Ол өте белсенді, көңілді, шапшаң әрі өмірге құштар бала еді. Қазір өзімізді де, жүргізушіні де, велосипедті де кінәлауға болады. Бірақ одан ештеңе өзгермейді.
Жүк көлігінің жүргізушісі кінәлі емес. Ештеңені кері қайтара алмаймыз. Балалар асығады, абай боламыз деп уәде береді, бірақ айналадағы қауіптің бәрін толық түсіне бермейді.
Ең ауыр нәрсе – енді балаңды құшақтап, оны қаншалықты жақсы көретініңді айта алмайтының. Барлығы Алланың қалауымен болды.
Ешкімді айыптамаңыздар. Оның орнына жақындарыңызға жақсы көретініңізді айтып үлгеріңіздер”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ әйел барша жұртқа денсаулық, амандық және бақыт тіледі.
Соңғы жаңалықтар