Жұманғарин TikTok өкілімен кездесті
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Моңғолия бойынша TikTok компаниясының мемлекеттік органдармен және корпоративтік байланыстар жөніндегі директоры Сергей Соколовпен кездесу өткізді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Кездесуде TikTok пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе жүргізген зерттеу қорытындылары ұсынылды. Бұл жұмыс Қазақстанда цифрлық алаңдардың кәсіпкерлікке ықпалын бағалауға бағытталған. Сауалнамаға еліміздің 20 өңірінен 300-ден астам шағын және микро бизнес өкілдері қатысқан. Айта кетерлігі, бұған дейін мұндай зерттеулер АҚШ, Ұлыбритания, Мексика және Сауд Арабиясында да өткізілген. Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы мен платформаның бас директоры кездескен болатын.
«Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталов TikTok-пен серіктестіктің нақты нәтиже беріп жатқанын жеткізді. Мысалы, «Бір өнім – бір ауыл» жобасы аясында кәсіпкерлер TikTok құралдарын қолдана отырып, өз өнімдерін онлайн ілгерілету және сатылымды арттыру тәсілдерін үйренген.
Зерттеу қорытындылары бизнес белсенділігі мен қаржылық көрсеткіштердің TikTok-тағы жұмысқа тығыз байланысты екенін көрсетеді.
«Апта сайын контент жариялайтын әр сегізінші компания табысының жартысынан астамын дәл осы платформадан табады», — деді Райымбек Баталов.
Жалпы, кәсіпорындардың 63 пайызы жылдық табысының кем дегенде 5 пайызы TikTok арқылы қалыптасатынын мәлімдеген.
Зерттеу деректері бойынша, TikTok-та ең жоғары нәтижелерді шығармашылық және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар көрсетіп отыр. Бұлар – қонақ үй, демалыс индустриясы, ойын-сауық, сұлулық және денсаулық қызметтері. Сонымен қатар білім беру және туризм бағытындағы контент те сұранысқа ие. Қазақстандық мұғалімдердің, мәдени және туристік жобалардың бейнежазбалары миллиондаған қаралым жинаған.
«Даму» қорымен бірлесе отырып, кәсіпкерлерге TikTok құралдарын тиімді қолдану бойынша оқыту бағдарламасын кеңейту жоспарланып отыр. Райымбек Баталов шағын бизнесті дамытуға заманауи цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен енгізу – «Атамекен» палатасының басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Бұл бағыт Үкіметпен бірлесіп әзірленіп жатқан қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық қолдау шараларымен қатар, TikTok сияқты ірі халықаралық платформалардың тәжірибесін қамтиды.
Сергей Соколов Қазақстан аймақтағы ең жылдам дамып келе жатқан нарықтардың бірі екенін айтты.
«TikTok мүмкіндіктерін пайдалану әлеуеті мұнда әлі толық ашылған жоқ», — деді ол. Компания өкілі «Атамекенмен» және мемлекеттік органдармен бірлесіп, бизнестің цифрландыру деңгейін жаңа сатыға көтеруге дайын екендіктерін білдірді.
Кездесуде цифрлық қауіпсіздік, онлайн орта мәдениеті мен тұрақты даму мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағыттар уәкілетті органдармен бірлесе жүзеге асырылады. Серік Жұманғарин TikTok бастамалары мен зерттеу нәтижелерін оң бағалап, Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлік блогы осы бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Соңғы жаңалықтар