Қайрат Боранбаев жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды
Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев жазасынан толық босатылып, полицияның пробациялық есебінен шығарылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Соңғы уақытта кәсіпкердің Жапониядағы V Азия Пара ойындарына және Лондонда өткен «Алтын доп» табыстау рәсіміне қатысуы қоғамда оның шетелге шығу заңдылығына қатысты сұрақ туғызған болатын. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл жағдайға байланысты ресми түсініктеме берді.
«2026 жылдың 1 маусымындағы сот қаулысының негізінде Боранбаев бас бостандығын шектеу түріндегі жазасының өтелмеген бөлігін өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. 2026 жылдың 18 маусымында ол пробация қызметінің есебінен шығарылды», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, пробациялық бақылаудағы азаматтың елден шығуына тыйым салынады. Алайда сот шешімімен есептен ресми түрде шығарылғандықтан, кәсіпкердің шетелге сапарлауында ешқандай заңбұзушылық жоқ.
Еске сала кетейік, Қайрат Боранбаев 2022 жылдың наурызында қамауға алынып, 2023 жылы 8 жылға сотталған еді. Кейін апелляция соты жаза мерзімін 6 жылға дейін қысқартып, көп ұзамай Ақмола облысы Зеренді аудандық соты жазаның қалған бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстырған болатын. Енді кәсіпкер жаза мерзімінен толық босатылып, шектеулерден арылды.
Соңғы жаңалықтар