Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова сүйінші сұрады

Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова сүйінші сұрады
Фото: әлеуметтік желі

Танымал әнші Қайрат Нұртас пен актриса Жұлдыз Әбдікәрімова қыздары Алау Қайратқызының алғаш рет көркем фильмде басты рөлді сомдағанын мәлімдеп, көпшіліктен сүйінші сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жұлдызды жұп қыздарының премьерасына арнайы барып, оған қолдау көрсетті. Анасы Жұлдыз Әбдікәрімова бұған дейін де Алаудың бірнеше жобада бой көрсеткенін атап өтті:

«Қызымыздың алғашқы үлкен туындысы. Осы уақытқа дейін Алау көптеген сериалдар мен фильмдерде эпизодтық рөлдерде ойнап жүрді. Ал бұл жолы негізгі кейіпкердің рөлін сомдап шықты. Бүгін тұсаукесері. Қызымызды қолдап, құттықтап келіп отырмыз. Киноиндустрияға, үлкен экранға енді ғана тәй-тәй басып келе жатқандықтан, ата-ана ретінде көрерменнен жас талантты қолдауды сұраймыз», — деді актриса.

Әкесі Қайрат Нұртас та қызының қадамына ақ тілегі мен әкелік батасын арнады.

«Қызымның мықты, дарынды актерлермен бірге киноға түсіп жатқанына әкелік жүрегіммен шын жүректен қуанып отырмын. Қызыма тек сәттілік тілеймін. Өнерімді әрі қарай жалғастыратын ұрпағымның барына мақтанамын», — деп ағынан жарылды әнші.

Ата-анасы үлкен өнерге бет бұрған жас дарынның шығармашылық жолы табысты болуына ниеттестік білдірді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу