Қостанайда екі ер адам 17 миллион теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды

Қостанайда екі ер адам 17 миллион теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды
Фото: Politico.kz

Қостанайда жергілікті тұрғыннан ірі көлемде ақша талап еткен екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Олар бірнеше апта бойы азаматты қорқытып, 17 миллион теңге беруді талап еткен деген күдікке ілінді.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер бұған дейін де сотталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жәбірленушіден ақша талап етіп, күш қолданатынын және физикалық тұрғыда есеп айырысатынын айтып қорқытқан.

28 қазанда күдіктілерді Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері «Орёл» арнайы жасағымен бірлесіп ұстаған.

Тінту барысында полицейлер 4,4 миллион теңге қолма-қол ақша, Kia Sportage автокөлігін және бірнеше ұялы телефонды тәркілеген.

Қазіргі уақытта екі күдікті де тергеу изоляторына қамалды. Оларға алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Күдіктілердің кінәсіне қатысты соңғы шешімді сот шығарады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу