Жұмысшылардың денсаулығын қорғау үшін Қазақмыс халықаралық сарапшылармен бірлесіп жаңа жүйе құрды
Қазақмыс компаниялар тобында жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға және өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмауға бағытталған 2026–2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздікті трансформациялау стратегиясы бекітілді, деп хабарлайды Politico.kz.
Стратегиялық сессия Қазақмыс корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің жетекшілігімен өтіп, оған басқарма мүшелері, өндірістік филиалдардың басшылары, техникалық сарапшылар мен халықаралық JMJ Associates компаниясының кеңесшілері қатысты. Жиын барысында басқарма төрағасы жұмыскерлердің өміріне қауіп төнген жағдайда жұмыс істеуге мүлдем жол берілмейтінін мәлімдеді.
«Өнеркәсіптік қауіпсіздік – біздің бірінші кезектегі басымдығымыз, ал өлімге әкелетін жазатайым оқиғаның алдын алу – негізгі міндет. Қауіпсіздік талаптары бұлжытпай сақталған жағдайда ғана өндірістік жоспар орындалуы мүмкін», – деді Руслан Өскенәлі.
Ол қауіпсіздік шараларына қатысты жауапкершілік барлық деңгейде бекітіліп, қауіпсіздік техникасы бойынша орталық комитет құрылып жатқанын хабарлады.
Жаңа құжатты еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директор Жанбек Есмахановтың жетекшілігімен арнайы жұмыс тобы әзірлеген. Бұл бағытта ішкі аудит пен халықаралық сарапшылардың қатысуымен тәуелсіз зерттеу жүргізіліп, трансформацияның негізгі бағыттары айқындалды.
Нәтижесінде нөлдік жарақаттану қағидатына негізделген стратегия бекітіліп, ол тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру мен қауіпсіздік саласындағы көшбасшылықты дамытуды қамтиды.
Осыған орай компанияда биылғы 2026 жыл қауіпсіздік жылы болып жарияланды. Стратегияны іске асыру үшін тоқсан сайын жиналатын өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі орталық комитет құрылып, өндірістік активтер деңгейінде ай сайын өтетін комитет отырысының тәжірибесі енгізіліп жатыр.
Құжатты іс жүзінде жүзеге асыру барысында аса қауіпті тәуекелдерді бақылаудың бірыңғай стандарты енгізіліп, қауіпсіздік талаптары барлық бизнес үдерістерге, оның ішінде мердігер ұйымдармен жұмыс істеу барысына да интеграцияланады.
Сонымен қатар тәуекелдерді азайту мақсатында жабдықтарды жаңартуға және өндірістік активтердің сенімділігін арттыруға бағытталған инвестицияларға ерекше мән берілмек. Енді аса қауіпті тәуекелдерді бақылау шараларын толық орындау басшылар үшін негізгі тиімділік көрсеткішіне айналады.
Бұл жүйе ұзақ мерзімді келешекте жарақаттану деңгейін біртіндеп төмендетіп, өліммен аяқталатын оқиғаларды толығымен жоюға бағытталған.
Соңғы жаңалықтар