Жұмыста мертіккен аула сыпырушы әкімнен көмек сұрап отыр

02.09.2026 09:52 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жұмыста мертіккен аула сыпырушы әкімнен көмек сұрап отыр
530
Фото: Бейнеден алынған скрин

Атырау облысында аудандық әкімдіктің аула сыпырушысы басшылықтың тапсырмасымен ағаш бұтағын кесем деп биіктен құлап, төсек тартып қалды. «Информбюро» телебағдарламасының хабарлауынша, мүгедек болып қалған 63 жастағы зейнеткердің отбасы өтемақы талап етіп отыр.

Сыналбек Дошановтың төсек тартып жатқанына қазір бір жылдан асқан. Жәбірленушінің бел омыртқасы зақымдалып, қозғалуы қиындаған. Сондай-ақ басынан алған ауыр соққының салдарынан ол мүлдем сөйлей алмайтын хәлге жеткен.

Ер адам ұзақ жыл бойы аудандық әкімдікте қара жұмыс істеген. Былтыр 22 қаңтарда ол басшылықтың тапсырмасымен ағаш кесуге барып, биіктен оңбай құлайды. Жақындарының сөзіне қарағанда, шенеуніктер бастапқыда небәрі 80 мың теңге көлемінде қаржы берген. Бірақ бұл ақша дәрі-дәрмекке де жетпеген.

«Одан бұрын тапсырма берілген. Ол күні үлгере алмаған соң ертеңгі күні шығып бітіріп тастайын деген ғой. Өзі үлкен адам давлениясы бар оны айта алмай отыр. Әкімдіктен бастапқыда коллективный берген. Бірақ мен өзім оған шыдай алмай өзім кредит алып жүріп тұруым керек қой. Қала мен екі ортада жүрдім тасып. Бір 80 мыңмен қалай қаратамын», – деді жұмысшының жұбайы Шолпан Жанғалиева.

Жәбірленуші тарап өндірістік жарақат алғанын дәлелдесе де, әкімдік өтемақы төлеуге асықпаған. Сол себепті зейнеткердің отбасы шенеуніктерді сотқа беруге мәжбүр болды.

«Сотқа тапсырып қойдық. 4 қыркүйек сот болады деген. Қалай шешіледі білмеймін. Производсвенный биыл тек қана районный реабилитация апдық. Қазір апара алмаймын, күнбе күн скорый келмейді бізге. Жүре алмайды жатыр. Памперспен жатыр, тапсырып қойдық сот болады. Енді талап етеміз производственная трамва дұрыс өндіріп берсін», – деді Шолпан Жанғалиева.

Бұл оқиғадан кейін еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрып, тексеріс жүргізген. Нәтижесінде маман жұмыс беруші тарапынан бірқатар заңсыздық жіберілгенін анықтаған.

«Комиссия жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі тарапынан оқыту мен білім тексеруді тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын, жұмыстың қауіпсіз жүргізілуін бақылаудың жеткіліксіз болғанын, қызметкердің арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарының қамтамасыз етілмегенін анықтады. Сонымен қатар биіктікте ағаш бұтақтарының кесу жұмыстарын қауіпсіз ұйымдастырылмаған», – деді Атырау облысы еңбек инспекциясының бөлім басшысы Ислам Игамбердиев.

Аудандық әкімдік өкілдері бұл жағдайға қатысты тілшілерге сұхбат беруден бас тартқан. Шенеуніктер тек жұмысшыға қолдан келген көмекті көрсеткенін алға тартты. Енді қос тарап бұл мәселені сот залында шешетін болады.

Войдите, чтобы оставить комментарий