Жүргізуші куәлігін алу ережесі өзгереді

13.10.2026 • 11:49 Қарақат АСЫЛОВА
Жүргізуші куәлігін алу ережесі өзгереді
204
Фото: gov.kz

Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібіне өзгерістер әзірледі. Жаңа ережелер емтиханды қайта тапсыру мерзімі мен төлем тәртібіне қатысты, деп хабарлайды Politico.kz.

ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранованың айтуынша, өзгерістер мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетуге бағытталған.

«Емтиханды бірінші рет тапсыра алмасаңыз, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші рет те сәтсіз болса, дайындалуға 10 күн беріледі», деді Ақтоты Боранова.

Ал теориялық немесе практикалық емтиханнан 3 рет өте алмағандар келесі мүмкіндіктер үшін ақша төлейді. Қайта тапсыру ақылы болады.

Тағы бір өзгеріс теориялық емтихан нәтижесіне қатысты. Егер үміткер теориядан өтіп, практикалық емтиханнан құласа, теориялық емтихан нәтижесі сақталады.

Шетелде берілген жүргізуші куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстыру тәртібі де өзгереді. Ол үшін алдымен теориялық емтихан тапсыру қажет.

Одан кейін жол қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті орган куәлікті берген елге ресми сұрау жібереді. Шетелдің құзыретті органы құжаттың түпнұсқалығын растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады.

Көлікті қайта жабдықтауға қатысты талаптар да жеңілдетіледі. Енді өзгерістің қауіпсіз екенін растайтын құжат болса, көлікті қосымша тексеруден өткізу қажет болмайды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий