Журналист Асылхан Мамашұлы «Әділетке» қосылған «Аманат» депутаттарының мандатын қайтаруды талап етті

16.06.2026 14:36 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Журналист Асылхан Мамашұлы «Әділетке» қосылған «Аманат» депутаттарының мандатын қайтаруды талап етті
251
Фото Асылхан Мамашұлының facebook парақшасынан

Белгілі қазақстандық журналист Асылхан Мамашұлы "Аманат" партиясының өзге саяси ұйымға қосылуына байланысты Конституциялық сот төрайымы Эльвира Әзімоваға ресми шағым түсірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды.

"Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрайымы Эльвира Әзімоваға

Қазақстан Республикасының азаматы, журналист Асылхан Мамашұлынан

Арыз

Сіз басқаратын Конституциялық соттан еліміздің жоғары заң шығарушы органы - Парламент Мәжілісінің көпшілік мандатына ие болып отырған «Аманат» партиясы өзінің ұйым ретіндегі қызметі мен ресми атауынан бас тартып, Мәжілісте жоқ партияға өз еркімен жұтылса да, Мәжілістегі 62 депутаттық мандатын (партия тізімі мен бір мандатты округ тізімін қосқанда) Орталық сайлау комиссиясына қайтармай отырғаны – ҚР Конституциясына қаншалықты сай келетінін анықтап, түсіндіруді сұраймын", – деп жазды журналист.

Асылхан Мамашұлының сөзінше биыл 12 маусымда "Аманат" партиясы өзінің съезін өткізіп Мәжілісте мандаты жоқ "Әділет" партиясына бірігетінін мәлімдеген.

"Мәселенің мән-жайы:

2023 жылы сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісіндегі 98 мандаттың 62-сіне «Аманат» партиясы ие болғаны мәлім. «Аманат» мұны өзіне көрсетілген “халық сенімі” деп атаған болатын.

Биыл, маусымның 12-сіне «Аманат» партиясы сиез өтікізіп, мәжілісте мандаты жоқ «Әділет» партиясына қосылатынын, өз атауынан және сол атау бойынша қоғамдық ұйым ретіндегі қызметінен бас тартатынын жариялады.

Маусымның 14-іне «Әділет» партиясы сиезінде «Аманаттың» өтінішін мақұлдады. Бұл жиынға «Аманат» партиясының өкілдері де қатысып, растады.

Маусымның 14-іне «Егемен Қазақстан» газеті мен өзге де БАҚ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдағанда Қошановты «Аманат» партиясының “бұрынғы төрағасы” деп көрсетті. Мұндай ақпарат «Аманат» партиясында төраға лауазымы да жойылғанын, партия жарғысы іске аспай қалғанын аңғартты.

Маусымның 15-іне «Аманаттың» Астанадағы бас кеңсесі мен өзге де өңірлеріндегі кеңселері «Әділет» партиясының меншігіне өткені, “Аманат” партиясының логотипі алынып тасталғаны әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына суретімен шықты.

Мұның бәрі «Аманат» партиясының іс жүзінде жойылғанын, “Аманат” партиясының Мәжіліске дайындаған немесе дайындап отырған мемлекеттік маңызы бар құжаттарының “Әділетке” өткенін білдіреді", – дейді ол.

Журналист мандатты қайтармауды сайлаушыларды алдау және билікті заңсыз иелену әрекеті деп бағалап отыр.

"Осыған байланысты талап - арызым әрі уәжім:

Кез келген партияның өзге қоғамдық ұйымдармен қосылуына, өз-өзін жоюына заңда тыйым жоқ. «Аманат» партиясы да өз-өзін заңға сәйкес жойды.

Енді әрі қарай да заңға және партия мен депутат этикасына сәйкес әрекет жасап, Мәжілісте иеленіп отырған 62 мандатты Орталық сайлау комиссиясына дереу қайтарып беруге, Мәжілістен толық кетуге тиіс. Ол мандаттарды 2023 жылғы мәжіліс сайлауының қорытындысы бойынша қайта есептеп, басқа үміткерлер мен партияларға беру қажет.

Рас, ҚР Азаматтық кодексінің «Заңды тұлғаны қайта құру туралы» 45-бабында көрсетілгендей, Бизнес сәйкестендіру нөмірлерінің (БСН) ұлттық тізімінде өзгергенге дейін ұйым «қызметі тоқтады» деп есептелмейді.

«Әділет» партиясы да осы бапты меңзеп, «толық қосылып біткенше «Аманат» партиясы заңды тұлға ретінде өмір сүре беретінін» мәлімдеді. Яғни “Аманаттың” БСН-і ғана қалған. Ал бұл – партиялардың мәжіліс мандатын ұстап отыруына жеткіліксіз.

Оның үстіне 2023 жылы сайлау кезіндегі үгіт-насихатында «Аманат» партиясы халыққа өзінің «БСН-ін» емес, «Аманат» партиясының логотипін көрсеткенін, сайлау бюллетеніндегі “Аманат” деген логотип тұсына белгі қойып, дауыс беруге шақырғанын ескеру керек. Оған сол кездегі сайлау бюллетеньдері дәлел (төменде бюллетень суреті берілді). Сайлау туралы заң бойынша, дауыс бюллетеньдеріне «БСН» емес, партия атауы жазылады. Сайлаушыларға партия БСН-інің қалай өзгергені маңызды емес.

2023 жылы халық сенімі ретінде депутат мандатын ала тұра, мандат мерзімі аяқталғанын күтпей өз-өзін жоя тұра жалғыз БСН-ін желеу етіп мандатын қайтармау – сайлаушы - халықты алдау болып саналады және “билікті заңсыз иелену”, “басып алу” немесе “басып алуға оқталу” баптарымен қарастырылатын аса ауыр қылмыстық салдарға соқтырады.

Мандатты қайтару–қайтармау мәселесінде «Азаматтық кодекстің» «БСН» туралы бабын емес, одан жоғары ҚР Конституциясының «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық» деп аталатын 3-бабына сүйеніп, әлдебір саяси күштердің заң қалтарыстарын өз пайдасына көрінеу бұратын тетіктерге жол бермеуді көздейтін өзге де заң нормаларының логикасын басшылыққа алу қажет.

1995 жылы көктемде ҚР Жоғарғы Кеңесін таратқанда ҚР Конституциялық соты нақты бапқа емес, қисынға сүйенгенін өз тәжірибелеріңіз ретінде ескеруге болады.

Егер мандат қайтарылмаса, онда 2023 жылы сайлау кезінде өмірде болмаған «Әділет» партиясына «Аманат» партиясының «БСН-і» арқылы мемлекеттік жоғары заң шығару органының жұмысына заңсыз араласуына мүмкіндік берілетін болады. Бұл - сайлау заңнамасын өрескел бұзу, халықтың әділ сайлауға, мемлекеттік билікке деген сенімін одан сайын азайту.

Кеңсесін өзге партияға түгел өткізген, жарғыға сәйкес төрағасы, басшы құрамы жоқ, мүшелері өзге партияның сиезіне қатысып жүрген, “БСН-нен” өзге дымы қалмаған партияның Мәжілісте көпшілік мандатпен отырғаны – Мәжілістің легитимділігіне, Мәжіліс қабылдаған құқықтық-нормативтік актілердің заңдылығына зор күмән туғызады.

“Аманат” депутаттары әлдебір БСН-ді биік қоймай, қарапайым ар-ұят, адамгершілікті жоғары ұстап, депутат этикасына сүйене отырып, мандатын өз еріктерімен тапсырса моральдық бет-бейнелерін біршама сақтап қалған болар еді, өйтпеді.

ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан “Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық” деген сөзіне “Аманат” депутаттары қарсы келіп отыр.

Аталған жайттарды ескере отырып, “Аманат” партиясының әрекетіне Конституциялық құқықтық баға беруді, теріс деп тапқан жағдайда Парламент Мәжілісін мерзімінен бұрын таратуға негіз болатын Конституциялық сот қаулысын шығаруды, не болмаса маусымның 12-сінен 1 шілдеге дейінгі Мәжіліс жұмысын заңсыз деп тануды, сол арада қабылданатын барлық құқықтық - нормативтік актілердің күшін жоюды және мандатын тапсырмай, Мәжілістің легитимділігіне нұқсан келтірген «Аманат» депутаттарына мандатын тапсырған соң құқықтық шара қолдану туралы тиісті органдарға қатынас жолдауды өтінемін.

ҚР азаматы Асылхан Мамашұлы", – дейді ол.

Қосымша ақпарат ретінде бұл арыздың Конституциялық сотқа электронды үкімет порталы арқылы ресми түрде жолданғаны хабарланды.

Войдите, чтобы оставить комментарий