Жыл соңына дейін банктер туралы жаңа заң шығару қажет - Тоқаев

Жыл соңына дейін банктер туралы жаңа заң шығару қажет - Тоқаев
08.09.2025 11:41
0
109
© istockphoto.com / Дмитрий Ларичев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңына дейін банктер туралы жаңа заң қабылдауды тапсырды.

Бұл бастаманы ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеп, құжаттың қаржы секторы үшін маңыздылығын атап өтті. Президенттің айтуынша, жаңа заң еліміздегі банк секторындағы бәсекелестікті арттырып, нарыққа жаңа ойыншыларды тартуға ықпал етуі керек.

Жаңа инвестициялық кезеңді ойдағыдай бастау маңызды. Екінші деңгейлі банктер белсенді түрде инвестицияға қаржы салуы қажет. Бұл мәселе қоғамда баяғыдан қызу талқыланып жатыр. Осы жұмысты көп созбай, қолға алу керек. Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған елдерге қарағанда орта есеппен бірнеше есе көп пайда әкеледі, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, ол банктердің қаржы тәуекелі төмен бағыттарға қаражат бөлуді жөн көретінін сынға алды.

Себебі біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі қаржы тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді. Осы мәселені депутаттар, сарапшылар үнемі көтеріп жүр. Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін барынша табу қажет. Енді бұл мәселені созуға болмайды. Шұғыл шешу қажет, – деді Президент.

Оның пікірінше, бұл мәселелерді шешудің басты жолы – технологиялық өзгерістер мен экономиканың қажеттіліктерін ескеретін жаңа заң әзірлеу. Бұл заң бәсекелестікті күшейтіп, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту тетіктерін де қамтуы тиіс. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарға заңды биылғы жылдың соңына дейін қабылдауды міндеттеді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий