«Қазақтың Төлегені»: Құман Тастанбеков Меруерт Өтекешовға қалай ғашық болғанын айтып берді

0
460

Ол халқының жадында «Қазақтың Төлегені» болып сақталды. Өмірін өнерге арнаған майталман кино әлемінде көптеген рөлді сомдады. Оған қоса 30 жылдан аса театр сахнасының қойылымдарында негізгі рөлдерді ойнады. Бұл мақаламызда талантты актер, Қазақстан Республикасының халық әртісі Құман Нұрмағанұлы Тастанбеков туралы айтамыз, деп хабарлайды kaz.nur.kz сайты.

Халық ерекше баға берген «Қыз Жібек» фильмі қанша көрсеңіз де, жалықтырмайтын туынды. Фильмнің сәтті шығуы оның артында жасалған қаншама еңбектің нәтижесі. Сондай-ақ басты рөлді сомдап шыққан әртістердің де үлесін айта кету керек.

Киноны көрген сәтте Қыз Жібектен де, Төлегеннен де шынайылықты байқауға болады. Сол шынайы сезім екі жастың өмір жолын бір арнаға тоғыстырды. Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың фильм алаңында тұтанған махаббаты өмірде жалғасын тауып, кейін отбасын құрады. Олардың Жібек, Томирис, Фараби есімді ұл-қыздары дүниеге келді.

Құман Тастанбековтің «Қыз Жібек» фильмінің түсірілімінде Меруерт Өтекешоваға гүл сыйлаған. Ал Меруерт Өтекешова бұл гүлді елу жылдан астам уақыт бойы сақтап келе жатқан көрінеді.

«Түсірілім біткенде көктем келді. Махаббат пайда болды. Құман түсірілім біткенде, демалыста даладан теріп, гүл сыйлады. Сол гүл үйде бар. Бірақ гүлге ұқсамайды. Бірақ сақталды, менің жанымда, Құман өзі «Қалай сақтадың?» деп таң қалды. «Сені жақсы көргеннен кейін сақтадым», – деген екен актриса.

Құман Тастанбеков түсірілім алаңында Меруерт Өтекешовға қалай ғашық болғанын бір сұхбатында былай баяндап беріпті:

Алғаш рет емен-жарқын әңгімелесіп, оны үйге дейін шығарып салуыма Алланың өзі көмектесті. Тарқатып айтсам, «Шіркін-ай, мына қызды қалай шығарып саламын?» деген ойдың біраз уақыт бойы маза бермегені рас. Содан бір күні түсірілімнен кейін бәріміз далаға шықсақ, жаңбыр жауып тұр екен.

Жауын болғанда сіркіреп емес, шелектеп құйып тұр. Ал Меруерт болса, аққу секілді бал-бұл жайнап, аппақ күртеше киіп алыпты. Үйіне жалғыз кетіп бара жатқан қыздың соңынан ысқырсаң, «мына жігіттің есі дұрыс па?» деп ойлауы мүмкін.

Жұмыс уақытында онша көп сөйлеспейтінімізді ескерсем, қасына барып, әңгіме айту тағы ыңғайсыз. Ақыры ішімнен: «О, Алла, көмектесші, мына қыз дәл қазір батпаққа құлап қалсыншы!» деп жалбарынудан басқа амалым қалмады. Құдайдың өзі қолдаған шығар, қас бен көздің арасында Меруерт батпақты жерге топ ете қалды.

Ақ киімі лезде қап-қара түске боялып, балшықтан тұра алмай тұрғаны… Жасырып қайтемін, сол кезде шын жүрегіммен қуанып, Жаратқанға ішімнен жарапазан жеткізгенмін-ді.

Әйткенмен, қарап тұратын уақыт жоқ, мүмкіндікті жібермеу керек, қасына жүгіріп барып: «Меруерт, бәрі жақсы ма?» – деп, өзімше хал-жағдайын сұраумен қатар, жерден тұрғызайын деп жатырмын.

Онымен айтқан жылы сөзіме, көрсеткен көмегіме иланатын қыз жоқ, сол бойда-ақ мінезін көрсетіп әлек. Қызға тән қырсықтығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сол сөздің арасында қолымды итеріп, «керек емес көмегің» дегендей басын шайқағанын айта кеткенім ләзім.

Әйтеуір, әрең дегенде жерден көтеріп, сол оқиғаның арқасында онымен азын-аулақ әңгіме-дүкен құрып үлгердім. Ол кезде студентпін, қалтамдағы соңғы 1 сомымды таксиге жұмсап, үйіне ақыры жеткізіп салдым-ау!

Жаңбырды сылтау етіп, сол күні қайда тұратынын біліп, алыстан әке-шешесін де көрдім. Бәрі де солай басталған. Жастық дәурен де өтті ғой, шіркін…

Құман Тастанбеков төбе көрсеткен кез келген фильм қазақ киносының алтын қорына айналды. Құман Тастанбеков 2017 жылдың желтоқсанында өмірден өтті. Талантты тұлға халқының жадында сымбатты һәм салмақты болмысымен сақталып қалды.


ПІКІР ЖАЗУ