14 шақырымға 95 мың теңге: Жапониядан келген турист Алматыда таксистердің құрбаны болды

14 шақырымға 95 мың теңге: Жапониядан келген турист Алматыда таксистердің құрбаны болды
Фото: Qazaqstan Investment Corporation

Алматы әуежайынан қалаға жетпек болған жапониялық турист такси жүргізушілерінің негізсіз жоғары ақы талап етуіне тап болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, жүргізушілер небәрі 14 шақырымдық жол үшін одан 95 мың теңге сұраған. Оның үстіне, сапардан кейін такси жүргізушісі туристке WhatsApp арқылы хабарласып, жақынырақ танысуды ұсынған. 

Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы Балжан Ералханқызы бұл оқиғаны өзінің Жапониядан келген құрбысына қатысты болғанын айтып жариялады. Оның сөзінше, ол алдын ала құрбысына әуежайдағы жеке такси жүргізушілерінің қызметін пайдаланбауды және тек ресми сервистерге жүгінуді ескерткен.

Алайда Алматыға келген туристі әуежай маңындағы такси жүргізушілері күтіп алып, өздерін ресми тасымалдаушылар ретінде таныстырған. Олар қызметтерінің арзан әрі ыңғайлы екенін айтып, есептегіш арқылы төлем жасалатынына сендірген.

Бірақ шамамен 30 минутқа созылған, ұзындығы 14 шақырым болатын сапардан кейін туристен 95 мың теңге талап етілген. Абырой болғанда, банк күмәнді операцияны байқап, 40 мың теңге алынғаннан кейін қалған төлемді бұғаттаған. Ал жүргізуші мұны туристке жасаған «жеңілдігі» деп түсіндірген.

Оқиғадан кейін де жүргізуші туристі мазалауын тоқтатпаған. Ол WhatsApp арқылы қызға хабарласып, жақынырақ танысуды және қаланы бірге аралауды ұсынған.

Балжан Ералханқызы мұндай жағдайлардың Қазақстанның туристік беделіне кері әсер ететінін атап өтті. Оның пікірінше, елімізге алғаш рет келген шетелдік қонақ осындай келеңсіз жағдайдан кейін Қазақстанға қайта оралғысы келмеуі мүмкін.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу