“Ақшаны алып, телефонды жібермеген”: Астанада интернет-алаяқ сотталды
Астанада интернет арқылы iPhone сатамын деп тұрғындарды алдаған 31 жастағы ер адам үш жылға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Шығыс Қазақстан облысының тумасы жалған хабарландырулар жариялап, сатып алушылардан алдын ала төлем алғаннан кейін байланысқа шықпай қойған.
Астана прокуратурасының мәліметінше, ер адам жарнама сайттарына iPhone смартфондарын сату туралы хабарландыру орналастырған. Құрылғыны сатып алуға ниет білдірген адамдардан ақшаны алдын ала аударуды сұрап, төлем түскен соң олардың телефон нөмірлерін бұғаттаған. Алайда уәде еткен тауарын жібермеген.
Осылайша, оның әрекетінен төрт адам зардап шеккен. Олардың арасында кәмелетке толмаған бала да бар. Алаяқтық салдарынан келтірілген жалпы шығын 1 миллион 50 мың теңгені құраған. Ал күдікті алдап алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Сотта мемлекеттік айыптаушы ер адамның кінәсін толық дәлелдеді. Нәтижесінде сот оны интернет-алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптары толық қанағаттандырылды.
Осыған байланысты Астана прокуратурасы тұрғындарды интернет арқылы сауда жасау кезінде сақ болуға шақырды. Ведомство белгісіз сатушыларға тауарды алмай тұрып алдын ала ақша аудармауға кеңес берді.
Соңғы жаңалықтар