Шу қаласында соққыға жығылған әйел көз жұмды: Оқиғаға қатысты ер адам қамауға алынды
Жамбыл облысының Шу қаласында бірге тұрған ер адамның соққысынан ауыр халге түскен 50 жастағы әйел көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның қайтыс болғанын облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады. Әйелді ұрып-соқты деген күдікке ілінген 40 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиға 24 қарашаға қараған түні болған. Марқұмның қызы Диана Тұрсынбаеваның айтуынша, анасы Гүлнәр Мазабекова соңғы он жылға жуық уақыт бойы күдікті ер адаммен бірге тұрған. Әйелдің төрт баласы бар.
Қызының сөзінше, анасы бұған дейін де бірнеше рет азаматтық некедегі күйеуінен қысым көрген. Отбасы жанжал кезінде полиция шақырғанымен, жағдайдың өзгермегенін айтады. Диана анасының бірге тұрған адамы оған айына кемінде бір рет қол көтеретінін жеткізген.
Қайғылы оқиға болған күні Диана Алматыда оқуда жүрген. Оның айтуынша, анасының ауруханаға түскенін полициядан білген. Алғашында күдікті әйелдің бірнеше рет есінен танып, құлағанын айтқан. Кейін оны итеріп жібергенін мәлімдеген.
Отбасының айтуынша, оқиғадан кейін үйге барған көрші жасөспірім ас бөлмеден қан іздерін байқап, Гүлнәр Мазабекованы сұраған. Алайда ер адам әйелдің ұйықтап жатқанын айтқан. Қыздың сөзінше, кейін жасөспірімді де үйден шығармай ұстауға тырысқанымен, ол қашып үлгерген.
Зардап шеккен әйел ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Бұған дейін дәрігерлер оның басынан ауыр жарақат алғанын хабарлаған. Әйел комаға түскен болатын. Алайда кейін алған жарақаттарынан көз жұмды.
Оқиғаға байланысты Жамбыл облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Ведомствоның мәліметінше, 40 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазір облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Бірқатар сот сараптамасы тағайындалған. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Соңғы жаңалықтар