Жаңаөзендегі мектеп әжетханасының видеосы елді шулатты: Білім басқармасы не дейді?

Жаңаөзендегі мектеп әжетханасының видеосы елді шулатты: Білім басқармасы не дейді?
Видеодан кадр

Жаңаөзендегі №6 мектептің әжетханасының жағдайы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Lada.kz”-ке сілтемемен.

Желі қолданушылары санитарлық бөлменің мүшкіл күйін көрсететін видео жариялап, оқушылардың мұндай жағдайда жүруге мәжбүр болғанына наразылық білдірді. Алайда білім бөлімі бұл бейнежазбаның ескі екенін мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде тараған видеода мектеп әжетханасының жөндеу жұмыстары аяқталмағаны байқалады. Жазба авторының айтуынша, бюджет қаражатының жетіспеуіне байланысты басталған жөндеу жұмыстары соңына дейін жеткізілмеген. Соның салдарынан балаларға әжетхананы пайдалану қиын болған.

Жағдайға қатысты ата-аналар да наразылық білдіріп, мектептегі санитарлық талаптардың сақталуына жауапты мекемелерден түсініктеме талап еткен.

Ал Жаңаөзен қалалық білім бөлімі видеодағы жағдай қазіргі ахуалды көрсетпейтінін мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, жазба жөндеу жұмыстары жүргізілмей тұрып түсірілген. Биыл жазда жаңа оқу жылына дайындық аясында мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әжетханалардағы санитарлық-техникалық жабдықтар кезең-кезеңімен жаңартылған. Сондай-ақ жылу желілері тексеріліп, жөнделген.

Білім бөлімінің мәліметінше, 1976 жылы пайдалануға берілген мектеп ғимаратының техникалық жағдайына 2023 жылы сараптама жасалған. Оның қорытындысы бойынша 2024 жылы күрделі жөндеу жұмыстарына арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.

Ал 2025 жылы күрделі жөндеу жүргізетін мердігер ұйым анықталып, сол жылдың желтоқсанында жұмыстың алғашқы кезеңіне қаржы бөлінген. Бөлінген қаражат есебінен спорт және акт залдары, кітапхана мен екі технология кабинеті жөнделген. Бұдан бөлек, құрылыс материалдары сатып алынып, уақытша сақтауға қойылған.

Маңғыстау облыстық білім басқармасы да видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілдері бейнежазба екі жыл бұрын түсірілгенін және жақында оған басқа аудиожолақ қосылып, әлеуметтік желіде қайта жарияланғанын айтты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу