1999 жылдан бері іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды
Павлодарда қарақшылық шабуыл жасап, 27 жыл бойы полициядан бой тасалап жүрген қылмыскер Мәскеуде ұсталды. Ол 1999 жылдан бері іздеуде болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Полицияның мәліметінше, күдіктіні өңірдің криминалдық полиция қызметкерлері Ресей ІІМ-нің жедел қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында ұстаған.
Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Танжановтың айтуынша, 2026 жылдың алғашқы 10 айында облыста барлығы 82 адам іздеуде болған. Оның 62-сіне биыл іздеу жарияланған.
Полиция жүргізген шаралардың нәтижесінде іздеуде жүрген 73 адам анықталды. Олардың біреуі адам өлтіргені, үшеуі қарақшылық шабуыл жасағаны, тағы үшеуі тонау жасағаны үшін іздеуде болған.
Сонымен қатар Павлодар облысында шет мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 31 адам анықталған. Ал Қазақстаннан тыс жерде жасырынып жүрген тағы жеті адам табылған.
Полицияның мәліметінше, іздеуде жүрген адамдарды анықтау жұмыстары прокуратурамен бірлесіп жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Таиландта Интерпол іздеу салған 24 жастағы қазақстандық ұсталған болатын.
Соңғы жаңалықтар