Қазақ айтысы қара жамылды: танымал айтыскер ақын дүниеден өтті
Қазақ руханияты мен төл өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Танымал айтыскер ақын Әсия Беркенова 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Қаралы хабарды Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан жеткізді.
«Қазақстанның Халық ақыны, аяулы апамыз Әсия Беркенова 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Өкінішті… Алла әйгілі тұлғаның иманын жолдас, алдын пейіш, артын кеніш қылғай. Әсия Әйіпқызымен атамұра өнеріміздің бүтін бір дәуірі кетіп барады… Барша әріптестеріне, ағайын-туыстарына, шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамыз. Бар ғұмырын Қазақтың өнері мен мәдениетіне арнаған асыл жанның бейнесі жанымыз барда жадымызда сақталады. Бақұл болыңыз, апа…», – деп жазды ол.
1950 жылы 22 сәуірде Қостанай өңірінің Әулиекөл ауданында өмірге келген ақын 1972 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолын мектепте мұғалім болудан бастады. 1980 жылдары аламан айтыстарға қосылып, республикалық және халықаралық додаларда топ жарды. Әсіресе, 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай өткен республикалық жыр сайысында бас жүлдені жеңіп алуы оның өнердегі биік белесі болды. Ал 1990 жылы оған «Қазақстанның халық ақыны» деген мәртебелі атақ берілді.
Қазақтың төл өнері – айтысты жаңғыртып, ұлттық сөз өнерінің өрісін кеңейтуде Әсия Әйіпқызы Беркенованың еңбегі орасан. Сахнадағы суырыпсалмалық шеберлігі, алмас қылыштай өткір ойлары және ел мүддесін көздеген жырлары арқылы ол халықтың шынайы сүйіспеншілігіне бөленді.
Әсия Әйіпқызы суырыпсалма ақындығымен қатар, ұлағатты ұстаздығымен де дараланды. Ол талай жас таланттың қанатын қатайтып, айтыс өнерінің жаңа толқынын қалыптастыруға зор үлес қосты. Ел мәдениеті мен қоғамдық өмірге сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет» және III дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталды. 2025 жылдың қараша айында Қостанайда ақынның 75 жасқа толуына орай «Айдын жырдың аққуы» атты республикалық айтыс жоғары деңгейде өтті.
Халық ақынының бай мұрасы мен өнер жолындағы өнегесі ұлттық мәдениетіміздің алтын қорында мәңгі сақталады.
Соңғы жаңалықтар