Тасмағамбетовтің күйеу баласы өзінің банкін украиналықтарға сатып жіберді
Украина Ұлттық банкі «Новая почта» пошта операторының иелері Владимир Поперешнюк пен Вячеслав Климовке қазақстандық кәсіпкер Кенес Рақышевке тиесілі БТА Банкінің 100 пайыз үлесін сатып алуға рұқсат берді. Кәсіпкерлер қаржы ұйымының негізінде қаржылық инклюзияға бағытталған жаңа банк ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Украина Ұлттық банкінің басқармасы бұл мәмілені мақұлдау туралы шешімді 12 қарашада қабылдаған. Реттеуші органның рұқсаты бойынша Владимир Поперешнюк пен Вячеслав Климов Nova тобына кіретін компаниялар арқылы БТА Банкінің жарғылық капиталындағы 100 пайыз жанама үлесті бірлесіп иелене алады.
Мәміленің тікелей сатып алушысы ретінде «НоваПэй Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көрсетілген. Оның үш құрылтайшысы бар. Атап айтқанда, Владимир Поперешнюк, Вячеслав Климов және бұған дейін Правекс Банкті басқарған Тарас Кириченко компанияның әрқайсысы 33,33 пайыз үлесіне ие.
Әзірге тараптар мәміленің толық аяқталғанын хабарлаған жоқ. Украина Ұлттық банкінің келісімінен кейін сатып алу-сату рәсімін аяқтау үшін қажетті өзге де процедуралар жүргізілуі керек.
2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, БТА Банкінің жалғыз жанама иесі – қазақстандық кәсіпкер Кенес Рақышев. 2024–2025 жылдары қаржы ұйымы ТМД елдеріндегі онға жуық еншілес құрылымын сатқан немесе таратып жіберген.
Айта кетейік, Кенес Рақышев – Қазақстандағы ықпалды әрі дәулетті кәсіпкерлердің бірі. Ол 2024 жылы Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені рейтингінде 12-орынға, ал ең бай 75 кәсіпкер тізімінде 19-орынға жайғасқан. Forbes Kazakhstan басылымының бағалауынша, кәсіпкердің байлығы 435 миллион долларды құрайды.
Айта кетейік, танымал кәсіпкер, миллиардер Кеңес Рақышев – мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің қызы Әсел Тасмағамбетованың жұбайы.
Соңғы жаңалықтар