"Хабар бер": Туыстары 12 жыл бұрын іс-түссіз жоғалған қызды әлі күнге дейін іздеп жүр
Қазақстанда 12 жыл бұрын хабар-ошарсыз кеткен 1995 жылы туған Сұлушаш Рақымжанованың туыстары әлеуметтік желі қолданушыларынан көмек сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.
Threads желісінде жазба жариялаған Айгерім есімді қолданушы сіңлісі Сұлушаштың 2014 жылдың 19 қыркүйегінен бері із-түссіз жоғалып кеткенін айтты. Оның сөзінше, сол уақыттан бері ешқандай ілік те, бір ауыз хабар да болмаған. Жақындары бармаған жері, жазбаған орны қалмаса да, әлі күнге дейін еш нәтиже шықпай отыр.
Туыстары сіңлісіне арнап жүректебірентерлік үндеу жолдап, оны қандай жағдайда болмасын үйінде күтетіндерін жеткізді:
«Сіңлім, егер сен бұл жазбаны кенеттен көріп қалсаң немесе айналаңдағы адамдар сен туралы білетін болса — мынаны біл: біз сені шексіз жақсы көреміз, әр минут сайын есімізге аламыз және үмітімізді үзбейміз. Біз сені кез келген күні, қандай күйде болсаң да үйге күтеміз. Тек тірі екеніңді білдірші», — деп жазды жоғалған қыздың әпкесі.
Айта кетейік, 1995 жылдың 13 қыркүйегінде дүниеге келген Сұлушаш Рақымжанованы жақындары 12 жыл бойы үздіксіз іздеп келеді. Отбасы желі қолданушыларынан ақпаратты барынша таратып, іздеу жұмыстарына қолғабыс етуді сұрайды.
Соңғы жаңалықтар