Қарағандыда көлік қағып өлтірген оқушының туыстары әділдік сұрады
Қарағанды облысында 14 жастағы оқушыны көлікпен қағып кеткен жүргізуші бір ай өтсе де қамауға алынбаған. Қыздың туыстары күдіктіні жауапқа тартуды талап етіп отыр. Ал кәсіпкер әйел оқиға орнынан не себепті кетіп қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 17 қазанда кешкі сағат 21:00 шамасында Петровка ауылында болған. 14 жастағы Ангелина Поганько досымен серуендеп қайтып келе жатқанда оны жолдан өтпек болған сәтінде көлік қағып кеткен. Оқушы оқиға орнында көз жұмған.
Оқиғаның куәсі Анатолий Еремеев соққының дыбысын естіп, жүргізушінің соңынан қуғанын айтады.
«Аулада тұрғанмын. Ести сала, көлікке отырып, іздеуге шықтым. Күдікті жүргізушіні қиылыстан қуып жеттім. Көліктің нөмірін жазып алдым. Біз одан озып кеттік. Алдыңғы мемлекеттік нөмірі жоқ еді. Көліктің алдыңғы бөлігі де зақымданған. 102 нөміріне хабарласып, барлығын айттым», – дейді ол.
Марқұмның әжесі Альмира Поганько жүргізушінің әлі күнге дейін бостандықта жүргеніне наразы. Оның айтуынша, әйел оқиға орнына кейін қайтып келгенімен, қамауға алынбаған.
«Бала жолда төрт сағат жатты. Ал ол қолын қалтасына салып, ары-бері жүрді. Оның оқиға орнында жүруге де құқығы жоқ еді. Оны бірден қамауға алуы керек болатын. Біз де заңды оқыдық, білеміз. Ал ол әлі күнге дейін саудасын жасап, кәсібін жүргізіп отыр. Біз болсақ, түнде ұйықтай алмаймыз. Жабайы джунглиде өмір сүріп жатырмыз ба?! Тергеуші де уақытында келе алмады. Мұнда тергеушісіз-ақ бәрі өз бетінше өтті», – дейді марқұмның әжесі.
Ал көлік жүргізген кәсіпкер Гүлмира Рахменова оқиға орнынан кетіп қалғанын мойындайды.
«Оқиға орнынан кетіп қалған себебім – көліктің артқы орындығында үш жастағы немерем болды. Ол соққыдан кейін шошып, қатты жылады. Өзімнің де есім шықты. Отыз минуттың ішінде қайта оралдым. Ештеңеден қашып жүрген жоқпын. Ата-анасымен кездесіп, кешірім де сұрадық, сөйлестік. Олар 30 миллион теңге талап етті. Бірақ менде ондай мүмкіндік жоқ», – дейді Гүлмира Рахменова.
Кәсіпкер көлікті сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүргізгенін, ал қыз жолға кенеттен шыға келгенін айтады.
Ауыл тұрғындары апат болған көшедегі қауіпсіздік мәселесін де көтерді. Бұл жол аудан орталығы мен республикалық маңызы бар тасжолды жалғайды. Тұрғындардың айтуынша, мұнда көлік көп жүреді, ал жаяу жүргіншілер өткелі мен көше шамдары жоқтың қасы. Орнатылған бейнебақылау камералары да жұмыс істемейді.
Полиция осы оқиғаға байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бірі – жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соғу, екіншісі – жол апаты болған жерден кетіп қалу.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің жол-көлік оқиғаларын тергеу бөлімінің бастығы Нұрлан Аманжоловтың айтуынша, жүргізушіні күдікті деп тану немесе ұстау мәселесі сараптама нәтижесінен кейін шешіледі.
«Қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қажет сараптамалар тағайындалды. Олар жүргізушінің кінәлі-кінәсіз екенін анықтайды. Сараптама қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады», – деді ол.
Сараптама көліктің нақты қандай жылдамдықпен жүргенін де анықтауы тиіс. Аталған баптар бойынша тараптардың татуласуына жол берілмейді. Жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, Қызылордада анасы мен 5 айлық сәбиін көлікпен қағып кеткен 26 жастағы жігіт 33 күннен бері іздеуде жүр.
Соңғы жаңалықтар