"Ешкімнің тоқалы болған емеспін": Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі желіні шулатты

"Ешкімнің тоқалы болған емеспін": Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі желіні шулатты
Фото: instagram/t_a_d_d_s_

Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі Айман әлеуметтік желідегі парақшасында жеке өміріне қатысты кең көлемді жазбалар жариялап, көпшіліктің сынына жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол ешкімнің сөзіне сынып, қайғырып жатпағанын айтып, өзін біреудің көңілдесі немесе тоқалы санамайтынын, әзілкешпен бірінші күннен мешітте шариғат жолымен некелескенін жеткізді:

«Мен ешкімнің сөзіне сынып, қайғырып жатқан түгім жоқ. Ешқашан ешкімнің любовницасы да, тоқалы да болған емеспін. Бірінші күннен Алла алдында мешітке барып некелескен, мұсылмандық жолымен, шариғат жолымен некелескен некем бар», — деп жазды ол.

Сондай-ақ Айман Тұрсынбек Қабатовтың екі отбасының алдындағы міндетін мінсіз орындап, сегіз баласын бірдей қамтамасыз етіп отырғанын алға тартты:

«Тұрсынбек қай үйде болса да, екі отбасының алдындағы міндеттерін шектеп, азайтып, қараусыз, сұраусыз қалдырған емес ешқашан. Қолыңнан келсе, 8 балаңды асырап, жақсы мектептерде оқытып, жақсы киіндіріп, бар жағдайын жаса. Әркімнің өз шындығы бар. Аңырап жылап жатқан бала да, адам да жоқ. Аллаға шүкір, бірігіп бәріне жеткізіп отырмыз», — деді ол.

Ол сонымен қатар «заңды әйелімін» деп жүрсе де, араларында сезім мен мақсат жоқ, тек бір парақ қағазға сенетін әйелдер барын меңзеп, екі отбасы арасында «біреу жеңді, біреу жеңілді» деген түсінік жоқ екенін атап өтті. Көпшілікті екі жақты араздастырмауға шақырған Айман үлкен үйдің әрбір мүшесін құрметтейтінін айтты:

«Екі жақты араздастыруды қойыңыздар. Әйелді әйелге жау етпей. Адамның жаманы жоқ. Мен үлкен үйдің әрбір жанын бір адамша сыйлаймын, құрметтеймін. Қолдарыңыздан келсе, үлкен үйдің жетістігіне жетіп, кіші үйдің өмірін сүріп көріңіздер», — деп жазды Айман.

Сөз соңында әзілкештің екінші әйелі күйеуінің болашақта тағы да шаңырақ көтеруіне қарсы емес екенін аңғартты:

«Менен кейін 10 қатын алса да, Алла қаласа алады. Маған десе, әр өңірде бір ұрпағы қалсын. Кім біледі, солардың ішінен бір ел басқаратын, Абайдай ұлы тұлғалар шықпасына кім кепіл? Бұл — біреудің тарихы», — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Тұрсынбек Қабатовтың өзі де концерттерінің бірінде екінші некесіне қатысты сынға әзілмен жауап беріп, көпшіліктің қызу талқысына қалған болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу