30 қылмыскер, 2,5 млрд субсидия, 9 астам бап: Қостанайда ең ірі афера бойынша үкім
Қостанайда мал шаруашылығына бөлінген 2,5 млрд теңгеден астам субсидияны жымқырған 30 адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Қостанайда 2021 жылдың желтоқсаны мен 2023 жылдың маусымы аралығында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 2,5 млрд теңгеден астам субсидияны жымқырған қылмыстық топ сотталды.
Олардың қатарында «BEEFSTREAM» және «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС директоры, «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС қызметкерлері, өзге ЖШС директорлары, шаруа қожалықтарының басшылары, жеке кәсіпкер, ветеринариялық дәрігерлер және облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының қызметкерлері бар.
Сотталушылар салық төлеуден жалтару, ұйымдасқан топ құру, оған басшылық ету және қатысу, бұзақылық, билік өкіліне күш қолдану, аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру, заңсыз кәсіпкерлік, пара алу және беру, ветеринариялық анықтамаларды қолдан жасау және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар баптары бойынша айыпталды.
Тергеу барысында ұйымдасқан топтың қылмыстық схемасы толық әшкереленді.
Сотта анықталғандай:
2021 жылдың желтоқсан айынан 2023 жылдың маусымына дейін сотталушылар мал шаруашылығы мен ет өңдеу саласын дамытуға бөлінген 2,5 млрд теңгеден астам мемлекеттік субсидияларды жымқырудың ұйымдасқан схемасын жүзеге асырған. Атап айтқанда:
- «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС ет комбинатын салуға бөлінген 1 197 500 000 теңге инвестициялық субсидия жымқырылған. Мемлекет тарапынан 25% өтемақы ретінде қарастырылған бұл субсидияны алу үшін кәсіпорынның тәуліктік қуаты кемінде 1500 бас ірі қара малды құрауы тиіс болған. Алайда іс жүзінде ет комбинаты бұл талапқа сәйкес келмеген, ал қуаттылығы жөніндегі құжаттар қолдан жасалып, алдау жолымен алынған.
- Шаруа қожалықтарына мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 354 млн теңгеден астам субсидия жымқырылған. Қожалықтар малды «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС-не жынысы, жасы, салмағы және өзге де талаптар бойынша өткізуі тиіс болған. Осы талаптарды орындағаны үшін мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған. Алайда шаруа қожалықтары ет комбинаты қызметкерлерімен алдын ала келісіп, талапқа сай келмейтін немесе мүлде жоқ малды өткізген. Ал комбинат қызметкерлері құжат жүзінде оларды талапқа сәйкестендіріп, жалған мәліметтер рәсімдеген.
Осыдан кейін шаруа қожалықтары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына субсидия алу үшін өтінім беріп, мақұлданғаннан соң алынған қаражатты алдын ала келісілген тәртіппен ет комбинаты қызметкерлері мен ветеринар дәрігерлермен бөліскен.
- «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС-не тиесілі ет өңдеу кәсіпорнына жалған сиыр етін өткізгені үшін 1 млрд 25 млн теңге субсидия заңсыз алынған. «Қағаз жүзіндегі» мал үшін шаруа қожалықтары субсидия талап етпей, зауыттан әрбір жалған мал басы үшін 8–10 мың теңге көлемінде ақы алып отырған.
Прокурор сотталушыларға 2 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және зауыт пен жабдықтарды мемлекет кірісіне тәркілеуді, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған 1,3 млн мен «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС-нің есепшотынан алынған 600 млн теңгеден астам қаражатты мемлекет кірісіне өндіруді сұрады.
Сот барысында айыпталушылардың кейбірі кінәсін мүлдем мойындамаса, енді бірі ішінара мойындаған. Алайда бірқатар зауыт қызметкерлері мен шаруа қожалықтарының басшылары кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза сұрады. Сот үкім шығару кезінде кәмелетке толмаған балаларының болуын және кінәсін мойындап өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде қабылдады.
Сот үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, келесідей жаза тағайындады:
• «BEEFSTREAM» және «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС директоры П.-ға түпкілікті 14 жылға бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру және мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеуге тыйым салу;
• «К.» ЖШС директоры Р.-ға қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеу құқығынан айыру;
• «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС бухгалтері Д.-ға қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті 9 жылға бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айыру;
• өзін-өзі жұмыспен қамтыған П.-ға қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті 9 жылға бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеу құқығынан айыру;
• ЖШС директоры С.-ға қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру;
• ветеринариялық станция қызметкері С.-ға түпкілікті 8 жылға бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеу құқығынан айыру, сондай-ақ 10 жыл мерзімге мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айыру.
• «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС директорының орынбасары Г.-ға қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті 7 жылға бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру;
• «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС қызметкері А.-ға қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті 6 жылға бас бостандығынан айыру;
• ШҚ басшысы Б.-ға 5 жылға бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге ауыл шаруашылығы саласында басшылық лауазымдарды атқару және кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру;
• ШҚ басшысы А.-ға қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге ауыл шаруашылығы саласында басшылық лауазымдарды атқару және кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру;
• ветеринариялық дәрігер С.-ға түпкілікті 5 жылға бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айыру;
• ШҚ басшысы С.-ға 5 жылға бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге ауыл шаруашылығы саласында басшылық лауазымдарды атқару және кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру;
• ШҚ басшысы К.-ға 6 жылға бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге ауыл шаруашылығы саласында басшылық лауазымдарды атқару және кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру.
• Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері Д.-ға 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеу құқығынан айыру;
• «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС жұмысшысы Қ.-ға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңын қолдану негізінде түпкілікті 3 жыл 2 ай 12 күн бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
• ШҚ басшылары С., И., А., К., ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері Ж., жеке кәсіпкерлер С. және Сб.-ға 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңын қолдану арқылы мерзімдері 1 жылдан 4 жылға дейін қысқартылды. ҚР ҚК 63-бабына сәйкес бұл жазалар шартты деп есептелді. Сондай-ақ қосымша жаза ретінде белгілі бір лауазымдарды атқару және кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру тағайындалды.
• ШҚ басшысы С., ветеринариялық дәрігерлер Ә., Д., М., М., У.-ға ҚР ҚК 385-бабы 2-бөлігі бойынша бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, рақымшылық туралы заңға сәйкес олар негізгі жазаны өтеуден босатылды. ҚР ҚК 206-бабы 2-бөлігі 2-тармағы және 247-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылықтан ескіру мерзімінің өтуіне байланысты босатылды.
• Ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Е.-ге ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігі бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеу құқығынан айыру тағайындалып, ҚР ҚК 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес жаза өтеу 5 жылға, бала 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды.
• Ветеринариялық дәрігер Ө. ҚР ҚК 206-бабы 2-бөлігі 2-тармағы, 385-бабы 2-бөлігі және 247-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған қатысты қылмыстық іс ҚР ҚПК 35-бабы 1-бөлігі 11) тармағына сәйкес оның қайтыс болуына байланысты тоқтатылды.
Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың азаматтық талаптарын қанағаттандырып, заңсыз табылған қаражатты мемлекет пайдасына тәркіледі. «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС-нің есепшотынан $1,3 млн, 4 мыңнан астам еуро және 600 млн теңгеден астам ақша өндірілді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар