Құрылыс және тағы да құрылыс! Шетелдік БАҚ Тоқаевтың жаңа бастамасы туралы

Құрылыс және тағы да құрылыс! Шетелдік БАҚ Тоқаевтың жаңа бастамасы туралы
Фото: istockphoto.com

Еуропалық EU Reporter басылымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасына назар аударды. Басылым Қазақстанның Ұлттық қордағы қаражатты мектеп, аурухана, жол және басқа да маңызды нысандар салуға жұмсау туралы шешімін талдаған, деп хабарлайды Politico.kz.

«Құрылыс және тағы да құрылыс! Қазақстан инфрақұрылымды дамыту қарқынын арттыруда» атты мақалада үш жылдық бағдарламаға Ұлттық қордан шамамен $14 млрд бөлінетіні жазылған.

«Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек», – деген Тоқаевтың сөзін келтіреді басылым.

Мақала авторының пікірінше, бұл қаражат елдің беделін көтеруге арналған қымбат жобаларға емес, халық күнделікті пайдаланатын мектептер, ауруханалар, емханалар, спорт нысандары, көпірлер мен жолдар салуға бағытталады.

Басылым Қазақстан халқының соңғы жеті жылда 2 млн адамнан астам өскеніне назар аударған. Қалалар кеңейіп, жаңа тұрғын аудандар салынып жатқандықтан, мектеп пен медициналық мекемелерге сұраныс та артып келеді.

EU Reporter мұндай тәжірибе өзге елдерде де болғанын атап өтеді. Мәселен, Индонезия 1970 жылдары мұнайдан түскен табысқа алты жыл ішінде 61 мыңнан астам бастауыш мектеп салған. Кейінгі зерттеулер бұл инвестицияның халықтың білімі мен табысына оң әсер еткенін көрсеткен.

Мақалада Қазақстанның соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға шамамен $198 млрд жұмсағаны да айтылған. Оның $75 млрд-ы білім беруге, $35 млрд-ы денсаулық сақтауға бағытталған.

Ал «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында алғашқы кезеңде құны $3 млрд-тан асатын жобалар мақұлданған. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және туризм нысандары бар.

Басылым БҰҰ Даму бағдарламасының деректеріне де тоқталған. 2025 жылы Қазақстан адам дамуы индексі бойынша 193 ел мен аумақтың арасында 60-орынға көтеріліп, Орталық Азияда көш бастаған.

Сондай-ақ мақалада 2025 жылы Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 76 жасқа жетіп, тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш тіркелгені айтылған.

EU Reporter авторының пайымынша, Қазақстан мұнайдан жиналған қаржыны тек сақтап қоймай, болашақ ұрпаққа қызмет ететін инфрақұрылымға айналдыруды көздеп отыр. Бұл елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз қалауы мүмкін.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу