«Соққыдан өлмеген»: Жаңатаста вокзалда төбелестен кейін көз жұмған жігіттің өліміне қатысты үкім шықты

«Соққыдан өлмеген»: Жаңатаста вокзалда төбелестен кейін көз жұмған жігіттің өліміне қатысты үкім шықты
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Жамбыл облысының Сарысу аудандық соты Жаңатас қаласындағы теміржол вокзалында жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылдың маусым айында Жаңатас теміржол вокзалының ғимаратында болған. Сотталушы мен жәбірленушінің арасында туындаған сөзге келіспеушілік соңы төбелеске ұласқан. Жанжал барысында айыпталушы алғашқы соққыдан еңкейіп қалған жәбірленушінің кеуде тұсына жұдырығымен бірнеше рет соққы жасап, денсаулығына ауыр зиян келтірген.

Кейінірек жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмды. Алайда сот-медициналық сараптама қорытындысы оның өліміне соққы емес, есірткі заттарымен жедел улану себеп болғанын анықтады. Осыған байланысты сотталушының әрекеті Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сараланып, оның кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен толық расталды.

Сот отырысында прокурор айыпталушыны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Өз кезегінде сотталушы кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін жеткізді және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеруді өтінді. Жәбірленуші тарап та оны кешіргенін, ешқандай талап-арызы жоқ екенін айтып, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Істің мән-жайларын зерделеген сот айыпталушының кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін және кәмелетке толмаған балаларының болуын жазаны жеңілдететін жағдайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Нәтижесінде Сарысу аудандық сотының үкімімен азамат А. Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігімен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) кінәлі деп танылып, оған аталған баптың санкциясында көзделген ең төменгі мерзім – 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу