30 қыркүйектен бастап несие алу ережелері өзгереді: Не білу маңызды?

30 қыркүйектен бастап несие алу ережелері өзгереді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Жақында eGov электрондық үкімет порталынан қазақстандықтарға маңызды хабарлама келді. Онда айтылғандай, осы жылдың 30 қыркүйегінен бастап несие беру тәртібіне жаңа талаптар енгізіледі. Бұл өзгеріс қаржылық алаяқтықтан қорғану мақсатында жасалып отыр.
Өзгеріс кімдерге қатысты?
Жаңа ереже барлығына бірдей емес, тек екі топтағы азаматтарға қатысты болады:
- 21 жасқа толмаған жастарға;
- 55 жастан асқан ересектерге.
Сонымен қатар, бұл талап кез келген несиеге емес, тек кепілсіз тұтынушылық несиелерге қолданылады. Бұл дегеніміз үй немесе көлік сияқты кепілге ештеңе қоймай, тек жеке қажеттілікке алынатын қарапайым несиелер.
Жаңа ереже қалай жұмыс істейді?
Енді жоғарыда аталған азаматтар кепілсіз несие алғысы келсе, оларға бір қосымша қадам жасау керек болады. Банк немесе микроқаржы ұйымы несие шартын жасамас бұрын, сол азаматтан бөлек, арнайы келісім алуы тиіс.
Бұл не үшін керек? Кейде алаяқтар басқа адамның атынан оның рұқсатынсыз несие алып кететін жағдайлар болады. Жаңа ереже бойынша, несие алушы өзінің несие алып жатқанын тағы бір рет растауы керек. Бұл осындай заңсыз әрекеттерді болдырмауға көмектеседі.
Келісімді қалай беруге болады?
Бұл келісімді растау үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Оны онлайн түрде, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы жасауға болады. Келісімді үш жерде растауға мүмкіндік бар:
- Банктердің мобильді қосымшаларында;
- Кредиттік бюролардың мобильді қосымшаларында;
- eGov порталында.
Бұл өзгеріс қаржылық алаяқтықпен күрес мақсатында енгізіліп отыр.
Соңғы жаңалықтар





