6 жылдан кейін: Bek Air апатынан зардап шеккендер сотқа жүгінді
2019 жылы Алматыда болған Bek Air ұшағының апатынан кейін жолаушылар мен қаза болғандардың туыстары өтемақы өндіру үшін сотқа жүгіне бастады, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Kozachkov offside” Telegram арнасына сілтемемен.
2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы апатқа ұшыраған. Бортта 98 адам болған. Ұшақ көтерілу кезінде басқаруды жоғалтып, ұшу-қону жолағынан шығып кеткен және қоршаудағы үйге соғылған. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты.
2025 жылғы қарашада сот апатқа кінәлі деп ұшақ командирі Марат Муратбаев пен екінші ұшқыш Миржан Мулдақұловты таныды. Екі ұшқыш та апаттан кейін қайтыс болғандықтан, іс олар қайтыс болғаннан кейін қаралды.
Сот жәбірленушілердің азаматтық талап қою құқығын да мойындаған. Осыдан кейін қаза болғандардың туыстары мен апаттан зардап шеккен жолаушылар өтемақы өндіру туралы сотқа жүгіне бастады.
Алғашқылардың бірі болып Фазыл Оспан анасы Амина Оспанованың қазасына байланысты талап арыз берген. Ол Астанаға мемлекеттік марапат алуға бара жатқан кезде апатқа ұшыраған. Сот әуе компаниясы өз қызметкерлерінің әрекеті үшін жауапты деген қорытындыға келіп, Bek Air-ден 5 млн теңге өндіру туралы шешім шығарды. Үкім заңды күшіне енді.
Сондай-ақ сол рейстің жолаушысы Жанат Әбілев те сотқа жүгінген. Ол апат кезінде дене жарақатын алмағанымен, психологиялық зардап шеккенін айтып, 10 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етті. Сот оның моральдық зиянын 1 млн теңге деп бағалады. Бұдан бөлек, билет құнын қайтару туралы талабы да қаралған.
Қазір осы аудандық сотта 33 жастағы Шыңғыстөре Жұмаханның арызы қаралып жатыр. Апаттан кейін мүгедектік алған азамат шамамен 90 млн теңге көлемінде өтемақы талап етуде.
Ал Bek Air иесі Нұрлан Жұмасұлтанов пен компания басшылығында болған оның отбасы мүшелерінің әрекетінен құқық қорғау органдары қылмыс белгілерін анықтамаған.
Соңғы жаңалықтар