70-тегі шал-кемпір АҚШ-қа көшіп, жаңа өмір бастады (ВИДЕО)

70-тегі шал-кемпір АҚШ-қа көшіп, жаңа өмір бастады (ВИДЕО)
Коллаж: Politico.kz

Өскемендік Гүлзия апа мен Ерғали аға 70 жасында Қазақстаннан АҚШ-қа көшіп, өмірлерін түбегейлі өзгерткен. Қос бәйтерек Америкаға қалай қоныс аударғанын, жаңа ортаға үйренудің қиындықтары мен қызықтарын әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Гүлзия апа мен Ерғали аға – Нью-Йоркте тұратын қазақстандық танымал блогер Жасұланның әке-шешесі. Екеуі де АҚШ-та тұрақты тұруға және заңды жұмыс істеуге мүмкіндік беретін грин-карта алған.

Қос қария 2025 жылдың қыркүйегінде Америкаға көшіп барған. Алайда баласымен қауышып, қоныс аудару үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуге үш жылдан астам уақыт кеткен.

«70 жасымызда күйеуім екеуміз бәрін тастап, жер шарының арғы бетіндегі Америкаға көшіп келдік. Бізді мұнда не күтіп тұрғанын тіпті елестете де алмадық. Менің атым – Гүлзия, ал бұл – жолдасым Ерғали. Екеуміз де 70 жастамыз. Шығыс Қазақстандағы Өскемен қаласынанбыз. Өмір бойы мал дәрігері болып жұмыс істедік, балаларымызды өсірдік. Бір күні өмірімізді қайта бастаймыз деп мүлде ойламаппыз», – дейді Гүлзия апа.

Оның айтуынша, жаңа елге көшудің алғашқы айлары оңай болмаған. Бейтаныс орта, басқа тіл мен үйреншікті тіршіліктің өзгеруі ерлі-зайыптыға ауыр тиген.

«70 жаста көшіп келу дегеннің не екенін білесіздер ме? Бұл өмір бойы туған жерінде өскен ағашты тамырымен қопарып алып, басқа топыраққа отырғызғанмен бірдей. Енді сол жерде тамыр жайып көр. Тіл басқа, адамдар бейтаныс, өмір мүлде бөлек. Шынымды айтсам, сондай қиын болды. Тіпті бір кезде бәрін тастап, елге қайтқымыз келді», – деп еске алады ол.

Алайда қос бәйтерек қиындықтарға қарамастан, Америкада қалуды ұйғарған.

«Елге қайтқан соң не істейміз? Орындықта отырып, көршіге кім келгенін, кімнің қайда кеткенін әңгімелеп, осылай ақырын қартаямыз ба? Біз мұндай өмірді қаламайтынымызды түсіндік. Сөйтсек, өмір мүлде басқаша болуы мүмкін екен. Жаңа таныстар, жаңа орта, мерекелер, саяхат, жанымызда мұхит бар. 70 жаста да жаңа нәрселерді үйреніп, әр күнге қуана өмір сүруге болады екен», – дейді Гүлзия апа.

Енді олар әлеуметтік желіде жеке парақша ашып, Америкадағы күнделікті тұрмысын көрсетпек. Ерлі-зайыпты көшіп келгеннен кейінгі қуанышты сәттерін ғана емес, кездескен қиындықтары мен бастан кешкен оқиғаларын да бөлісуді жоспарлап отыр.

«Сондықтан осы парақшаны ашып, Америкадағы өмірімізді сіздерге көрсетуді шештік. Қуанышымызды да, қиындықтарымызды да, қызықты оқиғаларымызды да бөлісеміз. Ал сіздер осындай жаста өмірлеріңізді түбегейлі өзгертуге тәуекел етер ме едіңіздер? Біз – Гүлзия мен Ерғали. Америкадағы оқиғамыз енді ғана басталды», – дейді олар.

Ерлі-зайыптының бейнежазбасы қысқа уақыт ішінде көп қаралым жинап, желі қолданушыларынан жылы пікірлер алған.

«Бұл өте батыл қадам! Жарайсыздар, барлық істеріңізге сәттілік тілеймін», «Осындай оқиғаларды көргенде 45 жастан асқан біз әлі жас екенбіз ғой деп ойлайсың. Алда қаншама қызық бар. Өмірді кез келген жаста қайта бастауға болады», «Жарайсыздар! Ең бастысы, балаларыңыз қастарыңызда. Қартайғанда дүниені көріп, саяхаттайсыздар. Бәлкім, кейін елге де ораларсыздар», – деп жазды желі қолданушылары.

Ал өзге қолданушылар үлкен кісілердің осындай үлкен бетбұрысқа тәуекел еткеніне тәнті болып, денсаулық пен бақытты өмір тілеген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу