Мәскеудегі саммитте Арменияға қатысты күтпеген шешім қабылданды

Мәскеудегі саммитте Арменияға қатысты күтпеген шешім қабылданды
Фото: primeminister.am

Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы (ҰҚШҰ) дауыс беру құқығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Енді республика ұйымның жауапты қызметтеріне өз өкілдерін ұсына алмайды. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұндай шешім Арменияның бірнеше жылдан бері ұйым алдындағы міндеттемелерін орындамауына байланысты қабылданған. Песковтың сөзінше, шешім ҰҚШҰ жарғысына сәйкес шығарылған.

Сонымен қатар ұйымның бас хатшысы Арменияны ҰҚШҰ құрамынан шығару мәселесі саммитте қаралмағанын нақтылады. Оның айтуынша, Ереван екі жыл бойы төлемеген мүшелік жарналарын өтесе, дауыс беру құқығын қайтара алады.

Армения 2024 жылы ҰҚШҰ жұмысына қатысуын тоқтатқанымен, ұйым мүшелігінен ресми түрде шыққан жоқ. Ал 2026 жылдың тамызында ел премьер-министрі Никол Пашинян парламентте алдағы бес жылда ұйым жұмысына қайта оралуды жоспарламайтынын мәлімдеген.

Бұған дейін Пашинян Арменияның ұйымнан шығарылуына қарсы емес екенін де айтқан. Оның пікірінше, мұндай шешім Ереванның ұйымнан шығу немесе шықпау жөніндегі таңдауын жеңілдетер еді.

Осы кезеңде Армения Еуропалық одақпен ынтымақтастығын күшейтіп келеді. 2025 жылдың наурызында ел парламенті ЕО-ға қосылу үдерісін бастау бағытын мақұлдаған. Кейін Пашинян мүшелікке өтініш беру ниетін білдіріп, бұл мәселені референдумға шығаруды жоспарлайтынын айтқан.

Айта кетейік, 11 қарашада Мәскеуде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өткен болатын. Жиынға Қазақстан президенті де қатысты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу