Тоқаев Мәскеуде терроризм, есірткі және жасанды интеллект мәселесін көтерді

Тоқаев Мәскеуде терроризм, есірткі және жасанды интеллект мәселесін көтерді
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммитінде терроризммен, есірткі саудасымен күресті күшейту және ақпараттық қауіпсіздікті нығайту мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Politico.kz Ақордаға сілтеме жасап.

11 қарашада Мәскеуде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Қазақстан президентімен бірге Ресей басшысы Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ бас хатшысы Таалатбек Масадыков қатысты.

Мемлекет басшылары ұйымның 2026 жылғы жұмысының қорытындысын талқылап, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгіледі. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге қонақжайлығы үшін алғыс айтып, Ресейдің биыл ҰҚШҰ-ға төрағалық етуін жоғары бағалады.

Қазақстан президенті халықаралық терроризмге қарсы күрес пен есірткі заттарының заңсыз айналымын тоқтату бағытында күш біріктіру қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларының ықпалы артып келе жатқандықтан, ақпараттық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлуге шақырды.

Жиында ҰҚШҰ-ға төрағалық етудің Тәжікстанға өтетіні де сөз болды. Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды құттықтап, жаңа міндетіне сәттілік тіледі.

Саммит қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған бірнеше құжатқа қол қойылды.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ саммитіне қатысу үшін 10 қарашада Мәскеуге барған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу