“Балалардың зәресін ұшырды”: Қаскелеңде жартылай жалаңаш ер адам мектепке басып кірген
Алматы облысының Қаскелең қаласында жартылай жалаңаш ер адамның мектеп ғимаратына терезе арқылы кіріп кеткені туралы видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға кезінде сыныпта оқушылар болған. Балалардың үрейленіп айқайлаған дауысы бейнежазбаға түсіп қалған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода үстіндегі киімі жоқ ер адамның мектепке қарай бет алғаны, кейін ғимараттың ішіне кіргені көрінеді. Жазба авторларының мәліметінше, белгісіз адам Қаскелеңдегі Әлімқұлов атындағы мектепке сынған терезе арқылы кірген.
Бейнежазбаның келесі бөлігінде ер адамды бірнеше ересек адамның қоршап алғаны байқалады. Оқиға кезінде балалардың шошып, айқайлаған дауыстары естіледі. Осы жағдайдан кейін желі қолданушылары мектептегі қауіпсіздік мәселесін көтеріп, білім ошағына бөгде адамның қалай кіріп кеткеніне алаңдаушылық білдірді.
Оқиғаға қатысты Қарасай аудандық білім бөлімі түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, ер адам шынымен де Қаскелең қаласындағы мектептердің біріне сынған терезе арқылы кіріп, сыныпқа өткен.
Мектеп әкімшілігі оқиға туралы ақпарат түскен бойда оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдаған.
«Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері жүр. Аталған азамат полиция бөліміне жеткізілді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Оқушыларға психологиялық көмек көрсетілді, бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», – деп хабарлады білім бөлімі.
Қазіргі уақытта ер адамның мектепке қандай мақсатпен кіргені және оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Ал балалардың жағдайы бақылауда.
Соңғы жаңалықтар